«Біреуді өлтірем, не өзім өлем»: куәгерлер Жиембайдың оқиғаға дейінгі әрекетін айтты

Қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті жаралаған Ернар Жиембайдың ісі бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр. Іс бойынша бас куәгердің бірі қала әкімдігінде сәулет және құрылыс бөлімінің инспекторы Асанбай Ахметбаевтан жауап алынды.
Асанбай Ахментаев Жиембайды бір жарым жылдан бері танитынын айтады. Оның сөзінше, 1 сәуір күні Берденов Жиембайды шақырған. 3 сәуір күні Жиембай Руслан Берденовтің қабылдауына «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС жұмысымен таныстыру үшін кірген. Кездесуде Берденов, Жиембай және Ахментаев болған.
«Кірген кезде Берденов Жиембайдың киген киіміне ескерту жасады. Жұмысты таныстыра алмады. Флешка ашылмай қалды. Шығып, қайта реттеп Ернар жұмысты таныстыра бастады. Берденов «жұмыс осы ма» деді. Мен Ернарды тығырықтан шығару үшін «мердігерлерді қалай таңдайсыздар» деп сұрадым. Ол «Асеке, өзіңіз бәрін білесің ғой» деді. Оған Берденов ашуланып кетті. Сосын «Айтқың келмей отырған нәрселер бар ма? Сөздің қысқасы екеуміз істесе алмаймыз, арыз жаза салшы» деді. Ернар жазатынын айтты»,– деді Ахментаев.
Бұл бірінші кездесу. Екінші кездесу 14 сәуір күні өткен. Бұл күні кездесуде Жиембай мен Берденов болған.
«14 сәуір күні Ернар таңғы сағат 10 шамасында Берденовке кіріп шықты. Түске жақын маған тоқтамай хабарласты. Жиналыста едім. Сөйлескенде Ернардың ашуланып тұрғанын байқадым. Ол «Біреуді өлтірем, не өзім өлем, Русланмен жігітше сөйлесейінші» деді. Мұны Берденовке айтқанда, «қой деңдер, өліп қалмасын» деді», – деп мәлімдеді Ахментаев.
Ол бұл оқиғаның болғанына әлі түсінбейтінін жеткізді.
«Қазір де таңғаламын. Мұнда (кездесуде – ред.) психологиялық қысым да болмады. Мен қатысқан жердің бәрінде жұмыс туралы айтылды. Ол жерде жеке басқа өту, кемсіту, әйелі, бала-шағасы туралы әңгіме болған жоқ. Киіміне ескерту жасады. Қала әкімінің орынбасары қаланың саяси тұлғасы. Бұл жерде киім (ресми үлгідегі киімді айтады – ред.) міндеттіден бұрын, мәселе этикада», – деді куә.
Бұдан бұрын қала әкімдігінің бірнеше қызметкері іс бойынша куәлік еткен. Олардың барлығы фото-видеоға түсіруге қарсы болып жатыр.
Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған.