Желтоқсанда Астанада Sergek-тің орнына арабтардың камерасы орнатылады

Астанада биыл желтоқсан айында «Сергек» жүйесін алмастыратын жасанды интеллект негізіндегі жаңа бейнебақылау жобасы іске қосылады. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Алматы ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.
Жобаны Біріккен Араб Әмірліктерінің G42 холдингіне кіретін халықаралық Presight компаниясы жүзеге асырады. Жоба 2030 жылға дейінгі мерзімге жоспарланған және 22 мың жалпы бейнебақылау камерасын, 1202 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатуды, сондай-ақ 35 түрлі видеосараптама мен жол қозғалысы ережесінің 15 түрін тіркеуді көздейді. Астана әкімі атап өткендей, жаңа бейнекамералар қалада жыл соңына дейін орнатылады.
«Келісімшартқа сәйкес, компания бұл кезеңді жыл соңына дейін аяқтауы керек. Қаладағы бар камераларға қосымша 20 мыңнан астам камера орнатылады. Желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Жеңіс Қасымбек.
Presight жобасының жалпы құны – 93,2 млрд теңге. Әкімдіктің редакция сауалына берген жауабына сәйкес, бұл соманың 53,5 млрд теңгесі жаңа камералар орнатуға және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады, ал 39,7 млрд теңге – 2030 жылға дейінгі бес жыл ішінде қызмет көрсетуге жұмсалады. Жобаны қаржыландыру толықтай шетелдік серіктестің есебінен жүзеге асырылады.
Еске сала кетейік, Presight компаниясының Астанадағы кеңсесі 2025 жылдың мамыр айында ашылған. Бұған дейін елордада 2017 жылдан бері жұмыс істеген Sergek жобасы аяқталып, барлық инфрақұрылым араб компаниясының басқаруына берілген болатын.
Қазіргі уақытта елордада шамамен 6 мың бейнебақылау камерасы бар. Sergek жүйесі Астанадан бөлек Қазақстанның тағы 12 қаласында жұмыс істеп тұр.