Аустралияда жыныс ауыстыратын трансгендер құстар табылды

Аустралия ғалымдары 480 құсты зерттеп, олардың шамамен 5%-ы жұмыртқа жарып шыққан соң уақыт өте келе жыныс ауыстыратыны анықталды.
Le Figaro ақпаратына қарағанда, Квинсленд штатында жүргізілген зерттеу барысында 480 құс тексерілді. Оның ішінде лорикет, айдарлы көгершін, кукабарра және басқа да құстар бар. Орта есеппен олардың 5%-ында жыныс ауысу құбылысы анықталыпты.
Зерттеуге қатысқан профессор Доминик Потвеннің айтуынша, алғашында бұл мәліметке сену қиын болған. Сондықтан ғалымдар бірнеше рет қайта тексерген. ДНҚ сараптамасы бойынша, аталық құстарда ZZ хромосомалары, ал аналықтарда ZW жұбы болады.
Алайда кейбір құстардың генетикалық жынысы мен репродуктивтік жүйесі сәйкес келмеген.
Көп жағдайда генетикалық аналық құстарда аталық репродуктивтік жүйе болған. Бір генетикалық аталық кукабаррада жұмыртқа салуға бейім орган анықталыпты. Ал кейбір айдарлы көгершіндерде аналық және аталық жыныс бездері қатар дамыған. Бұл құбылыс аустралиялық сауысқандарда – 3%-ға дейін, айдарлы көгершіндерде 6,3%-ға дейін көрініс беріп отыр.
Ғалымдар мұның себебін нақты анықтай алмады. Бірақ бұған қоршаған ортадағы антропогендік химиялық заттардың әсер етуі мүмкін деп топшылайды. Мұндай құбылыс кейбір балықтарда, моллюскаларда, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушыларда кездесетіні бұрыннан белгілі.
Мамандардың айтуынша, жыныстың өзгеруі құстардың көбею қабілетіне, жұптасу үрдісіне және жалпы популяция санына кері әсер етуі ықтимал. Бұл әсіресе сирек кездесетін немесе жойылу қаупі бар түрлер үшін өте қауіпті.
Мұның алдында Оңтүстік Кореядағы сұлулық байқауына 81 жастағы қария қатысқан еді.