Тағы бір қайырымдылық қорының басшысына қозғалған іс сотқа жетті

Алматыда «Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ильяс Сариев сотқа тартылды, деп хабарлайды KursivMedia.
Оған қатысты іс қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша қозғалған. Бұл бапта «алаяқтық» әрекеті көрсетілген.
Қылмыстық істе тағы бір сотталушы бар, ол – Ақтоты Дүйсеева.
Істі Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков қарап жатыр.
«Іс бойынша iс жүргiзудi тоқтатуға немесе уақытша тоқтатуға әкеліп соқтыратын мән-жай жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сот мәжiлiсiн тағайындауға кедергi келтiретiн қылмыстық iс жүргiзу заңын бұзуға жол берiлмеген. Істе айыпталушылардың жаңа айыптау актісінің көшірмесін алғаны жөнінде қолхаттары бар.», – делінген іс материалдарында.
Айта кетейік, айыпталушыларға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Басты сот талқылауы 2025 жылдың 31 шілдесінде басталған.
Ильяс Сариев кім?
Ильяс Сариев өзін әлеуметтік желіде «қазақ Робин Гуд» деп көрсеткен. @qazaq_robin_hood аккаунтына 600 мыңнан аса адам тіркелген. Жариялаған видеоларында балалардың жүзін ашық көрсетіп, ақша жинаған.
Соңғы рет 2025 жылдың наурызында видео жариялаған. Ол жерде 17 жыл бойы еңбек құлдығында болған апалы-сіңлінің видеосы жарияланған. Екеуіне ағасы ретінде үй алып бергенін айтқан.
Перизат Қайрат ісі
Бұған дейін «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының жетекшісі Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкіміне сәйкес, Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның ұрланған қаражатқа сатып алған мүлкі тәркіленеді.