«Әкемді сабап тастапты»: Түркістанда көршілердің төбелесі неден басталды

Түркістан облысы Сайрам ауданы Көлкент ауылында көршілер арасында тұрмыстық жанжал болып, соңы төбелеске ұласқанын жазып едік. Әлеуметтік желіде арызданушы көршісі бір топ адаммен жабылып отбасы мен досын сабап тастағанып, түрлі дене жарақатымен 5 адам ауруханаға түскенін мәлімдеген.
Десе де, «ұрып тастады» деген арызданушының көршісі Фазылжан Абдикаримов бұл қып-қызыл жала деп отыр. Айтуынша, жанжалдың басы олардың керсінше әкесін өлімші етіп сабап тастағанынан басталған.
«Мен жұмыста едім. Інім әкемді ауруханаға алып бара жатырмыз деп хабарласты. Не болғанын сұрасам, көршілер сабап тастапты. Оқиға осы қораның түбінде болған. Әкемді ұрған. 5 қабырғасы сынып кеткен. Аузынан көбігі ағып жатқанда көрші-қолаң келіп, жедел жәрдем шақырған. Әкемнің жанында болған інімді де ұрып тастаған»,– дейді ол.
Оның айтуынша, көршілері нақақтан-нақақ қаралап жатыр.
«Біз де әділдік іздейміз. Полиция келді, жауап алды. Ауруханада әкем ем алып жатыр. Тергеуге сенеміз, заңды шешім шығарып бергенін қалаймыз», – деді Фазылжан Абдикаримов.
Бейресми мәліметке қарағанда, көршілер екі орам шөпке таласып, жанжалдасқан. Полиция төбелес тұрмыстық жанжалдан басталғанын хабарлады. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.