«Сән-салтанат салығы»: кімдер төлейді және қалай есептеледі?

«Сән-салтанат салығы» кімге салынады? Қандай мүлікке қатысты? Қанша төленеді және қандай жеңілдіктер бар? Осы және басқа да жиі қойылатын сұрақтарға Мемлекеттік кірістер комитеті ресми жауап берді.
Топ 5 сұрақ-жауап, нені білу маңызды
1. «Сән-салтанат салығына» не жатады?
- Автокөліктер — құны 18 000 АЕК-тен жоғары (> 70 млн ₸)
- Яхталар, ұшақтар — 24 000 АЕК-тен жоғары (> 100 млн ₸)
- Алкоголь өнімдері — бағасы 500 000 теңгеден қымбат
- Темекілер — бағасы 10 000 теңгеден қымбат
- Жылжымайтын мүлік иесінің барлық нысандарының жиынтық құны 450 млн теңгеден жоғары (салық салынатын, нарықтық емес бағамен)
2. «Сән-салтанат салығы» қалай есептеледі?
- Көліктер 18 000 АЕК-тен бастап, салық+құнының 10%-ы мөлшерінде акциз
- Яхталар, ұшақтар 24 000 АЕК-тен бастап, салық+құнының 10%-ы мөлшерінде акциз
- Бағасы 500 000 теңгеден асатын алкоголь, салық+литріне құнының 10%-ы мөлшерінде акциз
- Бағасы 10 000 теңгеден асатын темекілер, салық+данасына құнының 10%-ы мөлшерінде акциз
- Бағасы 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, салық 2 млн 946 мың теңге + лимиттен асқан сомаға 2%
3. Менің атымда бірнеше пәтер, үй болса, «сән-салтанат салығын» төлеймін бе?
Иә, егер бір адамға тиесілі барлық пәтер, үй мен саяжайдың жалпы құны 450 млн теңгеден асса, салық төлеу керек.
(Мысалы: Егер адамның мүлкі 450 млн теңгеден асса, онда салық = 2 946 600 теңге + 450 млн теңгеден асқан соманың 2%-ы болады.)
Ал егер мүліктің жалпы құны 450 млн теңгеден аз болса, салық әр үй немесе пәтер үшін жеке есептеледі.
4. Ескі автокөліктерге көлік салығы бойынша қандай жеңілдік қарастырылған?
Пайдалану мерзімі:
- 10 жылдан асқан жеңіл автокөліктерге 30% жеңілдік қолданылады;
- 20 жылдан асқан жеңіл автокөліктерге 50% жеңілдік қолданылады.
5. Көлік құралдарына салынатын салыққа қандай өзгерістер енгізілді?
Арнаулы салық режимін қолданатын ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бір пикапқа қосымша жеңілдік беріледі.
31.12.2013 жылдан кейін әкелінген немесе сатып алынған автокөліктерге қолданылған жоғарылатылған мөлшерлеме алынып тасталды.
Ағымдағы төлемдерді есептеу жойылды, тек жылдық декларация тапсырылады.
Еске салайық 2026 жылдан Жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Соған сәйкес, жылыжымайтын мүлікті сатудан түскен табыстан төленетін салық мөлшері де өзгереді.