Сыныптасымен төбелескеннен кейін, қаза тапқан Жандос Өтемұратов ісіне үкім шықты

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында сыныптастар отырысы жанжалға, оның арты Жандос Өтемұратовтың қазасына ұласқан іс бойынша сот үкімі шықты. Заңгер Инга Иманбай қоғамдық резонанстың арқасында айыпталушыға анағұрлым ауыр жаза тағайындауға қол жеткізгенін хабарлады.
Айыпталушының ісі Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлімі бойынша (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) қаралған.
«Жандос Өтемұратов ісіне үкім шықты. Айыпталушы – 9 жылға бас бостандығынан айырылды, 8 млн теңге моральдық және материалдық өтемақы өндірілді. Бұл шешімге толық қанағаттанған жоқпыз – апелляцияға береміз. Дегенмен бұл – жеңіс! Егер заңгер ретінде іске араласпасақ, әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы үлкен резонанс жасамасақ, айыпталушы «абайсызда өлтірді», «өзі құлады» деген желеумен құтылып кетуі мүмкін еді», – дейді заңгер.
Бұған дейін, Жандос Өтемұратовтың әкесі күдіктіге тағылған айыппен келіспей, ұлын өлтірген адамның ісі ауыр бап бойынша саралануға тиіс деген талаппен үнін көпке жеткізіп, іске қоғам назарын аудартқысы келетінін айтқан.
Жәбірленушінің заңды өкілі Инга Иманбай күдіктіге тағылған 106-бап бойынша айып орынсыз екенін айтып, іс 99-бап (Адам өлтіру) бойынша тергелуі керек деген ұстанымын білдірген.
Десе де, заңгер «қоғамдық резонанс болмаса, күдікті аталған баптың басқа бөлігі бойынша жеңіл жаза алып кетуі мүмкін еді» деп санайды. Заңгер алдағы уақытта істі 99-бап бойынша саралауды талап етіп, аппеляцияға жүгінбек.