
Екінші деңгейлі банктер қатарына жаңа қосылған BNK Commercial Bank-ке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тәртіптік жаза қолданды. Бұл жайлы агенттік сайтында жазылған.
Ведомство дерегінше, 2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша BNK Commercial Bank төмендегі қаржылай көрсеткіштер бойынша заң талабын орындамаған:
- k4-1 – мерзімді өтімділік коэффициенті (Қазақстандағы пруденциялық нормативтердің бірі).
- LCR (Liquidity Coverage Ratio) – қысқа мерзімді өтімділік коэффициенті, банктің қысқа мерзімді міндеттемелерді орындау қабілеті.
- NSFR (Net Stable Funding Ratio) – тұрақты қаржыландырудың таза коэффициенті, ұзақ мерзімді тұрақты қаржыландыру деңгейі.
Аталған көрсеткіштер – банктің өтімділігі мен тұрақтылығын өлшейтін халықаралық және ұлттық стандарттар. Енді агенттік осы заң бұзушылықты түзетуге мәжбүрлейтін арнайы қадағалау әрекетін енгізеді.
BNK Commercial Bank осы жылы 25 маусымда ресми түрде банк лицензиясын алды. Оған дейін BNK Finance Kazakhstan атты микроқаржы ұйымы болған еді. BNK Commercial акционері – кореялық BNK Capital Co. компаниясы. Тамыздан бастап ресми түрде банк ретінде жұмысына кірісті.