Алматы облысында таныстар арасында жанжал шығып, бір адам жансақтау бөліміне түсті

Алматы облысында учаскелік полиция екі адамды құтқарып қалды. 14 тамызда Қарасай аудандық полиция басқармасына жедел жәрдем бригадасынан жеке үйлердің бірінде болған жанжал туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына бірінші болып учаскелік полиция инспекторы Бахыт Ғұмаров барған. Үйге кірген сәтте ол бір ер адамның екіншісіне ас үй пышағымен соққы жасап жатқанын көрген. Полицей қаруды қағып түсіріп, қайғылы жағдайдың алдын алды.
«Оқиға болған жерде бірнеше адам алкогольді ішімдік ішкен. Туындаған жанжал барысында солардың бірі етті шабуға арналған пышақпен жанындағы адамға бірнеше рет соққы жасаған. Үй иесі шабуылды тоқтатпақ болып, өзі де дене жарақатын алған», – деп хабарлады полиция.
Ауыр жарақат алған жәбірленуші жансақтау бөліміне жеткізілді, ал екіншісіне алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы Сайрам ауданы Көлкент ауылында көршілер арасында тұрмыстық жанжал болып, соңы төбелеске ұласты.