Тоқаев Трамп пен Путиннің Аляскадағы кездесуіне баға берді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
/ Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуіне қатысты өз пікірін білдірді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің жазуынша, саммит Украина мәселесіне қатысты жоғары деңгейдегі келіссөздер үдерісінің бастамасы болды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи саммит екі ел басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында мүмкін болды деп санайды. Олар қазіргі заманның ең басты проблемаларына, соның ішінде Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға қатысты ортақ шешім табуға шынайы ниетті екенін көрсетті», – делінген хабарламада.

Еске салайық, 15 тамыз күні Аляскадағы әскери базада АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин кездесті. Екі ел басшыларының келіссөздері бірнеше сағатқа созылды және Трамптың Cadillac көлігіндегі жеке әңгімеден басталды.

Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин келісе алмады. Көпшілік Аляскадағы саммит нәтижесіз аяқталды деп бағалады. 

Сондай-ақ оқыңыз