Путин Трамптан Украинада орыс тілі мәртебесін көтеруді талап етті

Владимир Путин Аляскадағы саммитте Дональд Трамптан Украинада орыс тіліне ресми мәртебе беруді талап етті. Бұл туралы The New York Times еуропалық шенеуніктер мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
АҚШ пен Ресей президенттері 15 тамызда Аляскадағы саммитте нақты қандай мәселелер талқылағаны мәлім бола бастады.
«Еуропалық шенеуніктердің айтуынша, Путин Украинада орыс тіліне ресми тіл мәртебесін қайтаруды, сонымен бірге орыс православ шіркеулерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті», – деп жазды басылым.
Ақ үй басшысының мұндай талапқа не деп жауап бергені әзірге белгісіз. Басылым дерегінше, Трамп Путинге Украина президенті Владимир Зеленскиймен бірге үшжақты кездесу өткізуді ұсынған.
«Алайда Путин Зеленскиймен кездесуден әлі де бас тартып отыр. Себебі оны қолдан жасалған мемлекеттің заңсыз президенті деп есептейді», – деп жазды NYT.
РБК мәліметінше, Украинада орыс тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие емес, бірақ ұзақ уақыт бойы оңтүстік және шығыс өңірлерде аймақ тілі болып келді. Украина Конституциясында орыс және басқа да аз ұлттардың тілдерін дамыту еркіндігі берілгені айтылған.
2019 жылы Украинада украин тіліне басымдық беретін заң қабылданған. Сол сәттен бастап шенеуніктер мен қызметкерлер украин тілін білуге, қолдануға тиіс болды.
АҚШ-тың Аляска штатында орналасқан Анкоридж қаласындағы әскери базада Трамп пен Путин саммиті нәтижесіз аяқталды. Өйткені Украинадағы атыс тоқтаған жоқ, ешқандай келісім жасалмады. Ақ үй қожайыны да мақсат орындалмағанын мойындады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аляскадағы кездесуге баға берді.