«Құрметті президент»: Мелания Трамп Путинге хат жазды

АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Ресей президенті Владимир Путинге хат жазды. Оның мәтінін Fox News жариялады.
Мелания «бейбітшілік хатында» Путиннен балаларды қорғауды сұраған.
«Құрметті президент Путин. Ауылда немесе ғажап мегаполисте дүниеге келген әр баланың арманы бір. Олар махаббат, мүмкіндік және қауіпсіздікті аңсайды», – деп бастайды бірінші ханым.
«Ата-ана ретінде, бәріміз өскелең ұрпақтың үмітін ақтауымыз керек. Ел басшысы ретінде, біздің міндетіміз – балаларды қорғау».
АҚШ-тың бірінші ханымы қараңғы түнекте өмір сүруге мәжбүр болған балалардың күлкісі жарқын емес екенін айтып өтті.
«Путин мырза, жалғыз өзіңіз ғана олардың күлкісін қайтара аласыз. Бейкүнә балаларды қорғау арқылы, сіз Ресейге ғана емес, бүкіл адамзат баласына қызмет етесіз», – дейді Мелания.
Бейбітшілік хаты 15 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Путиннің кездесуі қарсаңында жолданған. Аляскағы саммит нәтижесіз аяқталды. Өйткені Украинадағы атыс тоқтаған жоқ, ешқандай келісім жасалмады. Ақ үй қожайыны да мақсат орындалмағанын мойындады.
Осының алдында Путин Трамптан Украинада орыс тілі мәртебесін көтеруді талап еткені мәлім болды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аляскадағы кездесуге баға берді.