Индонезияда қуаты 6 балдық жер сілкінісі болды

Индонезияның Сулавеси аралында жексенбі күні таңертең қуаты 6 балдық жер сілкінісі болды. Табиғат апатынан ондаған адам зардап шекті. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Жерасты дүмпу ошағы 10 км тереңдікте орналасқан. Жер сілкінісі Сулавесидің орталығындағы Посо аймағында болып, көршілес аудандарда да сезілді. 29 адам жараланған. Оның екеуінің жағдайы ауыр екені хабарланды.
Индозения «Тынық мұхит отты шеңберінде» орналасқан. Сейсмикалық белсенді аймаққа жатады. Дәл осы жерде жер қыртысының түрлі тақталары бір-біріне үйкеліп, жерасты дүмпуін туғызады.
Жиырма жылдан астам уақыт бұрын, 2004 жылы Индонезияда қуаты 9,3 балдық зілзала болды. Жерасты дүмпуі цунами туғызып, жүздеген мың адам қаза тапқан.
Естеріңізге сала кетейік, 30 шілдеде Ресейдің Камчатка түбегі жағалауында магнитудасы 8,8 балл жер сілкінісі болды. Қуатты дүмпу биіктігі 4 метрге жететін цунами туғызды. Тынық мұхитқа шектесетін елдер мыңдаған адамды эвакуациялады.
Ғалымдар Камчатка түбегі жер сілкінісінен кейін 2 метрге ойысып кеткенін анықтады. Түбектен 2 мың км жердегі Владивосток қаласының өзі оңтүстікке қарай жылжыған.