Пәкістанда тұратын қазақтар президент Тоқаевтан көмек сұрайды (видео)

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Видеодан алынған скриншот: instagram.com/sairoverlan
Видеодан алынған скриншот: instagram.com/sairoverlan

Пәкістанның Карачи қаласында тұрып жатқан 300 қазақ көмек сұрап, бейнеүндеу жолдады. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Үндеуді депутат Ерлан Сайыров Instagram парағына жариялады.

Шетелдегі қазақтар үні

Видеодан Қазақстан туы ілінген бөлмеде ондаған адам отырғанын көруге болады. Үндеуді көпшілік алдында тұрған бір ер азамат оқып шықты.

«Құрметті Қазақ елі. Біз тарыдай шашылған қазақтың бір бөлшегіміз. Біз бес жыл бұрын Ауғанстаннан ауып, Пәкістанға келгенбіз. Қырық отбасы – 300 қазақ бармыз. 180-нен аса бала-шаға бар. Қолымызда ешқандай куәлік, паспорт жоқ. Пәкістан үкіметі осы айда бізді жер аудармақшы. Не істерімізді білмей отырмыз», – дейді Пәкістанның Карачи қаласында тұратын қазақ азаматы.

Ауғанстанға жер аударылғалы жатқан қазақтар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, премьер-министрден, Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрады. Үндеу авторының айтуынша, олар мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровқа хабарласып, ауыр жағдайын жеткізген.

Әлеуметтік желі қолданушылардың көбі қолдайық, көмек көрсетейік деп жазып жатыр. Олар Қазақстанға оралып, қандас мәртебесін ала алады. Алайда, құжаты жоқ азаматтарға қазақ екенін дәлелдеу қиынға түсуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет шетелде тұратын қазақтар туралы мәлімет жинауды қолға алған.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 151 мыңнан аса этникалық қазақ оралған. Ал биыл жазда шетелде тұратын 150 қазақ баласы Бурабайда демалып, тіл мен салт-дәстүрді үйренді.

Сондай-ақ оқыңыз