«Кешірім бермеймін» – Берденов

Жарияланды
Берденов, Жиембай
Берденов Жиембайға кешірім бермейтінін айтты / Фото: коллаж kursiv.media

Шымкент қалалық сотында жәбірленуші, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов айыпталушы Ернар Жиембайға «кешірім бермейтінін» айтты.

Сотта айыпталушы Жиембай жәбірленуші Берденовке сұрақ қойды. Ол: «Оқыс оқиға болды, шын жүрегімнен кешірім сұраймын. Сізге сұрағым: «Мен не істеп қойдым?» Сізді сыйлаймын, құрметтеймін. Сізді өлтіргім келмеді» дей бергенде, Берденов оның сөзін бөлді.

«Сыйлаған адамды не үшін өлтіргің келіп жүр? Дәл қазір менің денемде 61 бытыра, оның екеуі жүрегімнің, үшеуі бүйірімнің, бірі бас артериясының қасында тұр. Мені Алла құтқарды. Өкпемнің 20 пайызын алып тастады. Бауырымды шашып, қайта жинады. Сенің өлтіргім келмеді дегенің өтірік әңгіме», – деді Берденов.

Берденовтің сөзінше, оған дәрігерлер бір өлімнен аман қалғанын айтқан.

«Өлтіру ниетім болмады. Кінәмді мойындаймын. Басқа адамдардың айтқанына ермеуіңізді сұраймын. Түрмеден шыққан соң жігітше алдыңызға келіп, отырып, кешірім сұраймын», – деді Жиембай.

Берденов «бұл іске әйеліңді араластыру жігіттікке жатпайды» деді.

«Саған бала туып берген әйеліңді сасық әңгімеге араластыру ер жігіттік емес. Осы нәрсені өзің ойлан. Қылмыс жасадың ба, еркек болсаң мойныңмен көтеру керек. Әйеліңді қосып, болмайтын өсек әңгімелер айтып, мұндағы мақсаттарыңды білемін. Әкең: «Оның (Берденовтің – ред.) саяси мансабына крест қоямын» деген. Сол мақсат па сендерде?», – деді Берденов.

Жиембай мұны жоққа шығарды. Берденовтің айтуынша, Жиембай атқан бес оқтың төртеуі тиген.

Жиембайдың әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Жиембай Пірәлиев де Берденовтен кешірім сұрады. Ол Берденовтен «қандай заңға сүйеніп Ернар Жиембайды жұмыстан шығу туралы арыз жаз деп бұйырғанын» сұрады. Берденов Жиембай «өз еркімен жұмыстан шығамын» дегенін жеткізді.

«Сіздің тарапыңыздан ешқандай заң тәртібі бұзылмаған. Балам барды да сізді себепсіз ата салды ма? Дөрекі сөйлегеніңізді, балағаттағаныңызды, келінім туралы әңгімелер айтқаныңызды, қаматамын деген сөздерді айтқан жоқсыз ғой», – деді Пірәлиев.

Берденов оған бірден «кешірім бермеймін» деп, Пірәлиевтің сөздерін манипуляция жасау деп бағалады.

«Түсінемін, қалай да балаңызды құтқарып қалғыңыз келіп тұр. Келініңізді араластырып, менің абыройыма нұқсан келтіруіңіздің барлығын, іс қимыл пиғылыңыздың бәрін білемін. Тағы да айтайын, саяси мемлекеттік қызметкер ретінде кабинетімде ұлттық қауіпсіздік комитетінің де жабдықтары бар. Оны алуға болады, ол қиын нәрсе емес», – деді Берденов.

Пірәлиевтің мәлімдеуінше, Берденовтің қызметтік кабинетіндегі, қабылдау бөлмесіндегі барлық бейнежазбаларды алып, іске тіркеуді сұрағанымен, тергеу жағы оны орындамаған.

Берденовтің сотта хабарлауынша, бүгін оған тағы ота жасалады.

«Бар-жоғы 3-4 бытыраны ала алады. Қалғандарын ала алмайды. Себебі өте тереңде тұр. Денемде 61 бытыра қалады. Олар алынбайды. Дәрігерлердің сөзінше, оның шығуы өте қиын, тереңде тұр. Оң өпкемнің асты бытыра, оны сақтап қалу мүмкін болмады. Әлі күнге денеме қарай алмаймын. Қанша жерім кесіліп тасталған», – деді Берденов.

Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған.

Сондай-ақ оқыңыз