Прокурор Жиембайды 11 жыл 3 айға соттауды сұрады

Жарияланды
Прокурор Жиембайды 11 жыл 3 айға соттауды сұрады / Фото: ашық дереккөздерден

Шымкент қалалық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атып, жаралаған қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры, 31 жастағы Ернар Жиембайдың ісі бойынша жарыссөз басталды. Прокурор Жиембайды 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Прокурордың айтуынша, Жиембай адамның өміріне қол сұққан. 21 сәуір күні Берденовтің «өз еркімен арыз жазып кетсін» деген сөзін естіп оның адамды қасақана өлтіру ойы пайда болған. Осы ойын жүзеге асыру үшін аңшылық қаруын алып, қылмысқа дайындалған. Оқ-дәрілермен қаруды тексеріп түнде қала әкімдігінің алдында Берденовке 5 рет оқ атып, жарақаттар салған. Соңында оқтың таусылуына байланысты, ойын жүзеге асыра алмаған. Сол мезетте көлік жүргізушісі Жиембайды қағып, шабуылды тоқтатқан.

«Жиембайдың әрекеті ойланбай жасалған әрекет емес. Салқынқанды, жоспарланған, дайындалған, нақты мақсатқа бағытталған әрекет екенін көрсетеді. Сотталушы Жиембайдың көрсетіп отырған жауаптары қылмыстық жауаптан жалтару және жеңіл жазамен құтылу мақсатында беріп отырғанын айтуға болады», – деді прокурор.

Прокурор Жиембайдың іс-әрекеті қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі 99-бабы 1-бөлігімен дұрыс сараланған. Прокурор Жиембайдың жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелет жасқа толмаған балалары бар екенін айтты. Ал жазаны ауырлататын жайға оның қылмысты ішімдік ішіп жасағанын атады. Оның ішімдік ішкенін сараптама қорытындысымен дәлелденген.

Прокурор дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетпегенде «аяқталған қылмыс» туралы іс қарауымыз мүмкін еді деп атап өтті.

«Сотталушының жасаған әрекетінің салмағы – ауыр. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамды қасақана қазаға келтіру қылмыстық әрекеттері үшін 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда сотталушы Жиембайдың жасаған қылмысы адамды қасақана қаза келтіруге оқталу деп айып тағылып отыр. Яғни Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі арқылы. Ал Қылмыстық кодекстің 56-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмысқа оқталғаны үшін жазаның мерзімін немесе мөлшерін ерекше бөлігінің тиісті бабында аяқталған қылмыс үшін көзделген жазаның негізгі түрін ең жоғарғы мерзімін не мөлшерінен, яғни 15 жылдың төрттен үшінен асыруға болмайды. Жазаның ең көп мөлшері 15 жыл болғандықтан, оның төрттен үш бөлігі 11 жыл 3 айды құрайды», – деді прокурор.

Прокурор соттан Жиембайды кінәлі деп танып, 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді белгілеуді, қамаудағы бір күнін жаза мерзімінің бір жарым күніне есептеуді сұрады.

Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған. Жәбірленуші денсаулығына байланысты әзірге сот тергеуіне қатыспады.

Сондай-ақ оқыңыз