«ҚазМұнайГаз» басшысы Тоқаевқа 7,4 млрд долларлық зауыт құрылысы жайлы есеп берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады.
Ақорданың хабарлауынша, кездесуде компанияның 2025 жылдың жеті айындағы қызметі туралы есеп беріліп, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлары айтылды.
Асхат Хасенов елімізде құны 7,4 млрд доллар болатын полиэтилен өндіретін зауыттың толыққанды құрылысы басталғанын баяндады. Болашақ кәсіпорынның жылдық қуаты 1 млн 250 мың тонна өнім.
«Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында Кендірлі зауытынан тұщытылған теңіз суының алғашқы көлемі Жаңаөзенге жеткізілді. Сондай-ақ қуаттылығы 247 МВт болатын гибридті электр станциясының құрылысы жалғасуда», — деді «ҚазМұнайГаз» басшысы.
Хасенов сондай-ақ президентке негізгі көрсеткіштердің өсімі туралы баяндады. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында мұнай мен конденсат өндіру көлемі 15,3 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға артты. Табиғи және ілеспе газ өндіру 19%-ға өсіп, 6,7 млрд текше метрге жетті.
Жергілікті мұнай өңдеу зауыттарында 10,4 млн тонна мұнай өңделіп, жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісі 7,8 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 936 мың тоннаға артып, рекордтық көрсеткіш болды.
Есептік кезеңде мұнай тасымалдау көлемі 49 млн тоннаға жетті. Оның ішінде Германияға – 1,1 млн тонна, Әзербайжанға – 0,9 млн тонна жөнелтілді. Ал Венгрияға қазақстандық мұнайдың алғашқы партиясы – 85 мың тонна жеткізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» компаниясына геологиялық барлау жұмыстарын жалғастырып, ауқымды жобаларды іске асыру үшін инвесторларды белсенді тартуды тапсырды.