Қазақстан 2028 жылға дейін азық-түлік өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді

Қазақстан 2028 жылға дейін негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділіктен арылып, толық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшеді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
18 тамыз күні Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қазіргі жағдайы қаралды.
Өсім көрсеткіштері
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2021–2024 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 11,3%-ға өсіп, 8,3 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 14%-ға, мал шаруашылығы – 5,6%-ға артқан. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында да тұрақты өсім байқалып отыр.
Биыл егіс көлемі 23,6 млн гектарға дейін ұлғайды. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер – майлы дақылдар, картоп егісі көбейсе, дәнді-бұршақ дақылдарының көлемі қысқарды.
Мал шаруашылығында да оң динамика байқалады. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ірі қара саны – 8,8 млн, қой мен ешкі – 21,5 млн, жылқы – 4,6 млн, құс – 47,7 млн басқа жетті. Соған сәйкес ет, сүт, құс еті және жұмыртқа өндірісі де ұлғайды.
Инвестициялық жобалар
Азық-түлік импортына тәуелділікті азайту мақсатында жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Соңғы үш жылда қуаттылығы 144 мың тонна болатын 17 құс фабрикасы ашылды. Бұл көрсеткішті 2028 жылға дейін тағы 41 кәсіпорын есебінен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Сүт фермаларының саны да артып келеді. 2019 жылы елде небәрі 19 ферма болса, бүгінде олардың саны 69-ға жеткен, тағы 47-сі салынып жатыр. Барлығы іске қосылған соң жылына қосымша 600 мың тонна сүт өндіріліп, ірімшік пен сүзбе импортына деген тәуелділік жойылады.
Бағаны тұрақтандыру шаралары
Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік бағасының өсуін тежеу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Биыл әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсімі айтарлықтай бәсеңдеді: шілдеде – 0,4%, ал тамыздың алғашқы екі аптасында небәрі – 0,1%.
Сонымен қатар министрлік заңнамаға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Жеткізілімдер үшін төлемді кейінге қалдыру мерзімін 30 күнмен шектеу, қазақстандық өнімдерді сауда желілерінің сөрелеріне орналастыруға қоғамдық бақылау енгізу қарастырылған.
Жиын соңында Серік Жұманғарин елді отандық өнімдермен қолжетімді бағамен қамтамасыз ету жұмысын жеделдетуді тапсырды.