Компания жұмыссыз адамдарға жалған зейнетақы аударымын рәсімдеп несие алғызып отырған

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Компания жұмыссыз адамдарға жалған зейнетақы аударымын рәсімдеп несие алғызып отырған
Компания жұмыссыз адамдарға жалған зейнетақы аударымын рәсімдеп несие алғызып отырған/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті «Comfort Time» ЖШС және басқа да бақылаудағы кәсіпорындардың басшылығына қатысты алдау арқылы мүліктік залал келтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

Қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары бірқатар заңды тұлғаларды тіркеп, солар арқылы несие алуды көздеген, алайда іс жүзінде еңбек қатынастарында болмаған азаматтардың атына жалған зейнетақы аударымдарын рәсімдеген.

Салдарынан қарыз алушылардың табыстары мен төлем қабілеттілігі туралы жалған деректер қалыптастырылып, банктер соның негізінде несие рәсімдеген. Аталған заңсыз қызмет үшін ұйымдастырушылар қарыз алушылардан берілген соманың 10%-ына дейін «сыйақы» алып отырған. Көп жағдайда несие алушылар басынан банктер алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтарған.

Аталған қылмыстық схема аясында 399 млн теңге сомасына 140 несие алынған. Көбіне қарыз алушылар қатарында жұмыссыз азаматтар немесе несие тарихы теріс тұлғалар болған. Мұндай фактілер Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Жетісу, Абай, Маңғыстау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарынад анықталған.

«Айта кету керек, аталмыш схемалар халықтың қарызға бату мәселесін одан сайын күрделендіреді, себебі қарыз алушылар бірден бірнеше банктен мақұлдауын алып, салдарынан олардың қарыз жүктемесі еселеп өседі«, – делінген агенттік хабарламасында.

Бұған дейін, алаяқтар терроризммен күрес деген желеумен ақша ұрлаудың тың тәсіліне көшкенін хабарлағанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз