Әкімдік алматылықтардан ескі автокөліктерді сатып ала бастайды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Алматыда тегін кіруге тыйым салу Евро-5 пен Евро-6 класты автокөліктерге қолданылмайды / Фото: shutterstock.com

Алматы әкімдігі тұрғындардың ескі көліктерін сатып алып, кейін оларды утилизацияламақ. Бұл Алматы ауасын тазарту мақсатында қолға алынып жатқан шара. 

Алматы орталығына ескі көліктер кірмейді 

Алматыда экологияны жақсарту мақсатында жаңа бағдарлама да әзірленіп үлгерді. Жаңа бастама аясында қаланың белгілі бір аудандарына кіру ақылы болмақ. Бұл туралы Алматы мәслихатының «Алматы қаласы аумағында атмосфералық ауаны қорғау саласында арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» шешімінің жобасында айтылған. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Қалаға ақылы кіру Еуро-0-4 санатындағы көліктерге қатысты болмақ. Жергілікті әкімдік Алматы ауасын ең көп ластайтын көліктер осы санаттағылар екенін мәлімдеп отыр.   Қаладағы зиянды заттардың жартысынан көбі дәл осы көліктерден бөлінеді.

«LEZ аймақтарын енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы пилоттық кезең қаланың орталық магистральдарының бірқатарында осы жылдың қазан айында іске қосылады. Бастапқыда жоба тестілік режимде жұмыс істейді және автокөлік иелерінен ақы алынбайды. Бұл кезеңде көлік ағыны мен автопарктің құрамына талдау жүргізіледі. Кейін ‘Евро-4’ және одан төмен санаттағы көліктер үшін кіру ақылы болады. Ал электромобильдер, сутегі қозғалтқышымен жүретін көліктер мен ‘Евро-5’ және ‘Евро-6’ класты көліктер төлемнен босатылады», – деп хабарлады Алматы әкімдігі

Ескі көліктерді сатып алу 

Кәдеге жарату үшін сатып алынатын автокөліктер 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін Алматыда тіркелген болуы тиіс. Мұндай көліктерге төлем жасау үшін қаражатты Алматы әкімдігі LEZ аймақтарына кіруден түскен төлемдерден, «Жасыл даму» АҚ есебінен (утилизациялық алымдар), сондай-ақ жергілікті бюджеттен алуды жоспарлап отыр. Кейін арнайы тізім бекітіліп, көліктің қайтарым бағасы көрсетіледі.

«Сатып алынатын көлік құралдары техникалық тұрғыдан жарамды, өздігінен сатып алу пунктіне келе алуы тиіс», — делінген жоба құжатында.

Алматылық тұрғындарды ынталандыру мақсатында бірқатар жеңілдіктер қарастырылмақ. Мәселен жаңа көлік сатып алуға жеңілдіктер, ескі көлікке төленетін өтемақының бір бөлігін Low Emission Zones (аз шығарындылы аймақтарға) кіру рұқсаты ретінде пайдалану және қоғамдық көлікпен тегін жүру мүмкіндігі болады.

Сондай-ақ оқыңыз