Мемтапсырыспен шығатын кітаптардың сапасы төмендеп барады — Дина Имамбай

Дина Имамбай мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың сапасы, жауапсыз авторлар мен редакциялық қателер туралы ойын ашық айтты.
Оның пікірінше, ақын-жазушылардың жауапкершілігі, тегін шығатын кітаптардың сапасы жылдан-жылға төмендеп барады.
Сараптама комиссиясына сын
«Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарды қарасаңыз осыны байқайсыз. Грамматикалық, орфографиялық, тағы басқа да қателердің өріп жүргенін, пунктуацияны былай қойғанда, кітаптың көлемін көбейту үшін кейбіреулер көр-жерден жинаған мәтіндерін де қосып жіберетін болыпты», – дейді Имамбай.
Ол осы арқылы ақын-жазушыларды, авторларды ұялтқысы келеді. Сараптама комиссиясының осы қолжазбаларды оқитынан да күмән келтірді.
Мемлекет ақшасына – лайықты кітап
«Ал қоғамға, оқырманға керек небір жақсы кітаптар шықпай жатыр. Авторларының не қаражаты жоқ, не мемтапсырысқа кіргізе алмайды», – дейді ол.
Дина Имамбай осы мемтапсырыс кітаптарын жинап алып, талдау жасауға шақырады. Өйткені, мемлекеттің қаржысына лайық кітаптар шығуы керек.
«Жылда мемтапсырыс кітаптарына редакторлық-корректорлық жасаймын. Содан көргенімді жазып отырмын. Биылғыдан былтырғымыз тәуір еді дегендей болып жатыр, қысқасы», – дейді Дина.
«Керемет болса, тиіспейтін едік»
Сонымен қатар, оның айтуынша, «елім, халқым деп күңіренген бір ақын» арасына қыздар туралы бәдіктеу өлеңді қосып жіберген. Редактор ретінде оны алып тастауға тура келген.
«Қолжазбамның бір де бір жолына тиіспеңдер дейтін авторлар да бар. Керемет болып тұрса тиісіп неміз бар», – дейді Дина Имамбай.
Дина Имамбай – танымал журналист, аудармашы. Tanym Media подкастының авторы-жүргізушісі.
Мұның алдында Абайдың кәсіпкерлерге де пайдасы тиетін философиясы туралы жазған едік.