Трамп: Украина Қырымды қайтара алмайды, НАТО-ға да кірмейді

Дональд Трамп пен Владимир Зеленский / фото: REUTERS
АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News телеарнасына сұхбат беріп, Вашингтондағы жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы туралы айтты. Ол Украина енді Қырымды қайтара алмайды, НАТО-ға да мүше бола алмайды деп есептейді.
Трамп Қырым мәселесі туралы
Трамп америкалық телеарнаның тікелей эфиріне телефон арқылы қосылды. Ол Украинаның Қырымды қайтаруы мүмкін еместігін мәлімдеді. Киевтің НАТО-ға мүше болып қабылдануы да екіталай, деп есептейді АҚШ президенті.
«Осы екеуі де жүзеге аспайтын дүниелер», – деп қысқа қайырды Трамп.
АҚШ президенті соғысқа Украинаны кінәлайтын сияқты, деп жазды CNN.
«Бұл соғысты бастаудың қажеті жоқ еді. Бұлай жасауға болмайды. Өзіңнен он есе үлкен елмен соғысуға болмайды», – деген Трамп.
Путинмен қарым-қатынасы туралы
Енді Ақ үй қожайыны Ресей президенті Владимир Путинмен арадағы «жылы» қарым-қатынас туралы айтып отыр.
«Ол да ұшақтан түсті, мен де ұшақтан түстім. Арамызда бір жылулық болды. Сөзбен жеткізу қиын. Сондай жайлы сезім», – деп сипаттады Трамп Путинмен арадағы қарым-қатынасын.
15 тамызда Трамп пен Путин Аляскада кездесіп, украин мәселесін талқылаған.
Бұған қоса, Құрама Штаттар президенті, Ақ үйде Украина басшысы Владимир Зеленский, Еуропа лидерлері отырған уақытта, Путинмен телефонмен жеке сөйлесу себебін түсіндірді.
«Мен олардың көзінше сөйлеспедім. Президент Путинді сыйламағандық болады деп ойладым. Өйткені олардың арасы жақсы емес. Президент Путин Еуропадағы адамдармен сөйлеспес еді», – дейді Трамп.
Зеленский мен Путин кездесуі
АҚШ президенті телеарнаның тікелей эфирінде Путин пен Зеленский кездесуі туралы да айтты.
«Мен Путинмен де, Зеленескиймен де келістім. Енді шешімді солар қабылдауы тиіс».
Оның пікірінше, Путин мен Зеленский тіл табыса алады.
«Олар біз ойлағаннан әлдеқайда жақсы тіл табыса алады. Әйтпесе мен олардың кездесуін ұйымдастырмас едім. Мен үшжақты кездесу өткізер едім. Бірақ олардың ісі әлдеқайда ілгері басып келеді», – дейді президент.
18 тамызда Украина президенті Владимир Зеленский мен Еуропаның жеті елінің жетекшісі Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Зеленский Путинмен «түрлі форматта» кездесуге дайын екенін мәлімдеді.