Ресей Байқоңырдан тышқандар мен шыбындарды ғарышқа ұшырмақ

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ресей Байқоңырдан тірі организмдер мен өсімдіктерді ғарышқа шығармақ /фото: pikabu.ru
Ресей Байқоңырдан тірі организмдер мен өсімдіктерді ғарышқа шығармақ /фото: pikabu.ru

Ресей Байқоңырдан тышқандар мен шыбындарды ғарышқа ұшырмақ. Ғарыш айлағынан тірі организмдер орбитаға шығарылады.

Interfax ақпаратына қарағанда,  «Союз-2.1б» зымыран-тасығышы сәрсенбі күні «Бион-М» №2 биоспутнигін полярлық орбитаға шығарады деп күтіліп отыр. Жер серігінің бортында тышқандар, шыбындар, өсімдіктер және микроорганизмдер ғарышқа жіберіледі.

Cаңырауқұлақтар, қыналар, микроорганизмдер

«Роскосмос» мәліметтері бойынша, биожерсерік Мәскеу уақытымен 20:13-те Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылмақ.

Ғарыш аппаратының бортында 75 тышқан, дрозофила шыбындары, жасушалық дақылдар, өсімдіктер, дәнді дақылдардың, бұршақ дақылдарының және техникалық дақылдардың үлгілері, сондай-ақ «Бион-М» №1 және «Фотон-М» №4 аппараттарында ұшқан тұқымдардан өсірілген өсімдіктердің тұқымдары болады. Сонымен қатар, ғарышқа саңырауқұлақтар, қыналар, микроорганизмдер, бактериялар және басқа материалдар жіберіледі.

Жануарлар ғарыштық радиациясына сыналады

Ғарыш аппараты күн-синхронды орбитаға шығарылады. Ондағы ғарыштық радиация деңгейі Халықаралық ғарыш станциясы орбитасымен салыстырғанда шамамен 30%-ға жоғары.

«Бион-М» №2 орбитада шамамен бір ай болады.

Орбитаның ең төменгі биіктігі – 370 шақырым. Ең жоғары биіктігі – 380 шақырым. Ғарыш аппаратының массасы 6,4 тоннаға дейін жетеді.

Жобаның мақсаты – организмдердің салмақсыздық пен ғарыштық радиацияға реакциясын зерттеу.

Адамды полярлық орбитаға жіберу мүмкіндігі зерттеледі

19 тамызда «Роскосмос» бас директоры Дмитрий Баканов мамандар «Бион-М» №2 тәжірибе нәтижелері бойынша адамды полярлық орбитаға жіберу мүмкіндігін қарастыратынын хабарлады. Оның айтуынша, тәжірибе нәтижелері ұшырылғаннан кейін бірнеше айдан соң белгілі болады.

«Бион-М» сериясындағы алғашқы аппаратты 2013 жылдың 19 сәуірінен 19 мамырына дейін ұшырылды. Оның бортында тәжірибе мен зерттеу жүргізу үшін әртүрлі тірі жүйелер болды. Алынған нәтижелер ғарыштық ұшулардың тірі организмдерге әсер ету саласындағы бірқатар жаңа мәселелерді анықтады.

Айта кететін жайт, «Роскосмос» екі ғарыш жобасын тоқтатқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз