Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайға үкім шықты

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атып, жаралаған «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры, 31 жастағы Ернар Жиембайдың ісі бойынша үкім шықты. Бұл туралы Kursiv Media тілшісі жазады.
Судья Әбинұр Қарабаев Ернар Жиембайды Қылмыстық Кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен.
Прокуратура Жиембайды 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.
Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталды.
Берденов пен Жиембайдың арасындағы дау қайдан басталған?
Сотталушы Ернар Жиембайдың сөзінше, Берденов оның әр сөзіне шүйлігіп, ар-намысына тиетін сөздер айтқан.
«Сенің түрің қандай қандай өзі? Шаштарың түсіп қалған. Қайдан келгенсің өзің» деді. Көңіліме тиіп кетті. Бірақ ол кісіге артық сөз айтпадым. «Жұмыста осылай киінесіңдер ме сендер» деді. Жағдайды түсіндірейін деп едім, уын шашып жібереді. Қабылдамай жатты. Мен сөйлеймін, ол жерге кіргізеді. Жұмысымды көрсетейін десем, «сен өзі қандай адамсың» деп балағаттады. Кабинетінен шығып кеттім», – деді ол сотта.
Әйелінің парақшасындағы суреттерге экс-депутат Руслан Берденовтың лайк басқанын, сол үшін ерлі-зайыптының арасында ұрыс болғанын да айтты.
Руслан Берденов толығымен бұл сөздерді жоққа шығарды. Ернар Жиембайдың жеке өмірінен еш хабарым жоқ деді ол сотта. Берденовтың пікірінше, Жиембайдың жауабы айыбын азайту үшін айтылған.
Сондай-ақ ол прокурордың таққан айыбы мен сұраған жазасына түбегейлі келіспейтінін мәлімдеді. Шененуніктің адвокаты Жеңіс Тыныбек оқиға орнында болған адамдарға да қауіп төнгендіктен, істі Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 6-тармағына (Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған «Адам өлтіру» әрекеті) ауыстыруды сұрады. Және куәлердің сөздерін назарға алмаған прокуратураға жеке қаулы шығаруға арыз-талап түсірді.
Соттағы соңғы сөзінде Жиембай істеген ісіне өкініш білдіріп, тағылған айыпқа ішінара келісетінін жеткізді. Руслан Берденовтен де кешірім сұрады. Бірақ шенеунік оған кешірім беруден бас тартты.
21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс болып, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов жарақат алған еді. Сол күні полиция Ернар Жиембайды қамауға алды.