Желіде табысты көрінгісі келіп алаяқтыққа барған азамат 3 жылға сотталды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Желіде табысты көрінгісі келіп алаяқтыққа барған азамат 3 жылға сотталды
Желіде табысты көрінгісі келіп алаяқтыққа барған азамат 3 жылға сотталды/Фото: shutterstock

Астана прокуратурасы әлеуметтік желіде табысты көрініп, танымал болу үшін 5 ай бойы алаяқтық жасап келген ер адам туралы хабарлады.

Айыпталушы осы аралықта достарымен бес жұлдызды қонақүй бөлмелерінде тұрып, қымбат мейрамханаларда кешкі ас ішіп, дәмді тағамдарға тапсырыс беріп, элиталық ерлер киім дүкендерінен киім-кешек сатып алып, банк атынан расталмаған төлем тапсырмаларын беріп келген.

Жәбірленушілер бастапқыда төлем құжаттарының түпнұсқасын тексермей, оған тауар мен қызмет көрсеткен.

Сотталушы төлем құжаттарын банк қосымшасы арқылы жіберген, бірақ іс жүзінде шотта қаражат болмаған.

«Алаяқ қонақүйде бөлмелерді брондап, бірнеше күн бойы достарымен бірге тамақ пен сусынға тапсырыс беріп, тұрақтаған. Қонақ үй қызметкерлерін алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы ол жоғарыда аталған төлем тапсырмаларын берген. Оның қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушіге 4,4 млн теңге көлемінде ірі мөлшерде материалдық шығын келтірілген», – делінген хабарламада.

Кейінірек ақша түспегенін білген жәбірленушілер құқық қорғау органдарына жүгінген.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, алаяқтыққа әлеуметтік желілерде танымал болу үшін барғанын, ол жерде өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсету үшін суретін жариялағанын айтқан.

Келтірілген шығынның жалпы сомасы 8 млн теңгеден асқан.

Ер адам 3 жылға бас бостандығынан айырылып, келтірілген материалдық шығын өндірілген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Астана прокуратурасы ұсынылған төлемді растайтын құжаттардың дұрыстығын уақтылы тексеруге шақырады.

Бұған дейін, оқуға түсірем деп бірнеше адамды алдаған күдікті ұсталғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз