
Астана Қытайдан Қазақстанға келетін тауарларға импорттық баж салығын төмендетуді қарастырмақшы. Сондай-ақ Бейжіңді елімізде шикізатты терең өңдеу бойынша жобалар құруға шақырады. ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ҚХР-дағы әріптесі Ван Вэнтаомен кездесіп, осы мәселелерді талқылады.
Қазір Қазақстан қытайлық тараптың қолдауымен ҚХР-дың ішкі провинцияларымен тікелей сауда байланысын орнатып жатыр. Былтырдан бері Нанкин, Чэнду, Үрімші, Сиань, Чунцин және Гуанчжоу қалаларындағы провинцияларда алты сауда миссиясы ұйымдастырылды. Арман Шаққалиевтің сөзінше, Қытайдың басқа өңірлерінде де сауда өкілдіктерін ашу жоспары бар.
Тауар айналымын арттыру
Екі тарап 2030 жылға қарай Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын екі есеге арттыру жолдарын талқылады.
2024 жылғы ресми дерек бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 43,8 млрд долларға жетіп, рекордтық көрсеткіш орнатты. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында сауда айналымы 21,8 млрд долларды құрады.
«Бұл мәліметтер 2030 жылға қарай өзара сауда көлемін екі есе арттыру жөніндегі міндеттің нақты әрі қолжетімді екенін көрсетеді», – деп түсіндіреді сауда министрлігінен.
Келіссөздер барысында қазақстандық шикізаттық емес экспортты және қосылған құны жоғары өнімдерді ілгерілету мәселесіне ерекше назар аударылды. Арман Шаққалиев өңдеу өнеркәсібін дамытуға және қосылған құны жоғары өнімдерді экспортқа шығаруға дайын екенін білдіріп, ҚХР-мен «инвестициялау және сату» қағидаты бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін айтты.
Сонымен қатар, ірі қытайлық онлайн-платформалардағы қазақстандық тауарларды кеңейту ұсынылды. Қазірдің өзінде Қазақстанда Aliexpress, Temu тәрізді ірі платформалар ресми түрде тіркеліп, салық төлеп жұмыс істеп отыр.
Алдағы уақытта JD.com атты тағы бір қытайлық маркетплейс кіретіні белгілі болды. Сервис осы жылы күзде пилоттық түрде іске қосылуы керек.