Отбасы банктің бас кеңсесі Алматыдан Астанаға көшеді

Отбасы банктің бас кеңсесі Астанадан Алматыға көшеді. Бұл жайлы банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Bes.media жазады. Көшуге қаржы ұйымының ұлттық институт деген статус алуы себеп болған.
«Қазақстанда жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясаты аясында мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды және үйлестіруді тиімдірек жүзеге асыру үшін банктің орталық аппараты астанада орналастырылатын болды», – деп атап өтті банкте.
Көшуге қатысты мәселені шешу үшін қазір банкте жұмыс тобы құрылған. Ол бұл процеске қажетті барлық шығынды есептеп шығарады. Көшу кезең-кезеңімен жүзеге асады және қаржы ұйымының құрылымына әсер етпейді.
Бұған дейін Отбасы банктің Астанадан ғимарат сатып алғаны жайлы хабарланған. Бұл туралы KASE сайтындағы қаржы есебінде жазылған. Сатып алу мақсаты ретінде әкімшілік персоналды орналастыру үшін қажет деп көрсетілген.
Отбасы банк 2025 жылдың 24 мамырында ұлттық институт статусына өтті. Бұл статус банкке кезекке тұрушылардың республикалық электрондық базасын жүргізуге, «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» базасын реттеп, коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе әкімдіктердің жекелеген тұлғалардан жалға алған тұрғын үйлерінен баспана бөлу туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Осы жылы маусымда «Отбасы банк» былтырғы қаржы есебін жариялады. Құжатқа сәйкес, банктің таза пайдасы бір жыл ішінде 18%-ға азайған. Таза пайдасы азайғаныммен банк қаржылық тұрақтылығын сақтап отыр. Оның жиынтық активтері 2024 жылдың соңында 4,28 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 7,1%-ға өсті.