Қазақстанда өсімдік майын өндіру көлемі 24%-ға артқан

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Май өндірісі
Қазақстанда сұйық май өндірісі артқан / Фото: АШМ

Қазақстанда майлы дақылдарды өңдеу көлемі артып, нәтижесінде өсімдік майының өндірісі 24%-ға артқан. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2025 жылғы қаңтар–шілде қорытындысы бойынша өсімдік майын өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артып, 420,5 мың тоннадан 521,2 мың тоннаға жетті. Оның ішінде күнбағыс майының өндірісі 457,7 мың тоннаны құрап, өткен жыл деңгейінен 24,5%-ға жоғары болды», – делінген министрлік хабарламасында.

Ал 2024 жылы жалпы алғанда 753 мың тонна өсімдік майы өндірілген. Бұл көлем 2023 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 12%-ға артық. Ал күнбағыс майын өндіру көрсетікштері 18,3%-ға өскен.

Министрлік мәліметінше, елде жылдық қуаты 4,7 млн тоннаға жететін майлы дақыл тұқымын өңдейтін 88 қайта өңдеу кәсіпорны бар. Үкімет олардың жүктемесін арттыруды көздеп отыр.

Өндіріспен қатар экспорт та артқан. Мәселен, 2024 жылы өсімдік майларын экспортқа шығару көлемі 29%-ға артқан. Май өнімдерін экспорттау Қытай Халық Республикасына – 42,4%-ға, Өзбекстанға – 35,4%-ға, Тәжікстанға – 12,7%-ға, Ауғанстанға – 3,2%-ға, Қырғызстанға – 1,4%-ға, Латвия және Түрікменстанға – 1,8%-ға артқан.

Сондай-ақ оқыңыз