Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев кәсіпкерлерге «амнистия» жариялады

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев кәсіпкерлермен 20 тамыздағы кездесу барысында салықтық амнистия жариялады. Бұл жайлы Gazeta.uz басылымы жазады.
Ел үкіметінің тексеруі нәтижесінде 20 мың кәсіпкерде жалпы сомасы 16 трлн сумға (1,28 млрд доллар) жететін қателіктер мен бұзушылықтар анықталды. Бұл олардың кәсіпкерлік тұрақтылық рейтингіндегі орнына әсер еткен.
«Сондықтан бүгін біз өзіндік бір „амнистияны“ жариялаймыз: осы тексерулер бойынша айыппұлдар қолданылмайды. Оның орнына 1 қарашаға дейін бизнеске барлық қателіктер мен кемшіліктерді ерікті түрде түзету мүмкіндігі беріледі. Бір сөзбен айтқанда, 1 қарашадан бастап кәсіпкерлер рейтингі „таза парақтан“ басталады», – деді президент.
Тағы бір өзгеріс – пайда салығы бойынша аванстық төлемдерді төлеу шегін көтеру болды. Бұған дейін ол айналымы 10 млрд сумнан асатын компанияларға қатысты болса, енді бұл талап тек 20 млрд сумнан жоғары табысы бар кәсіпорындарға қолданылатын болады.
«Осының арқасында шамамен 14 мың кәсіпкердің айналым қаражатында қосымша 1 трлн сум шамасында қаржы қалады»-, деді Мирзиёев.
Еске салайық, осы жылы маусымда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өзінің үлкен қызы Саида Мирзиёеваны президент әкімшілігінің басшысы етіп тағайындады. Бұл лауазым 2023 жылы қысқартылған еді, алайда енді қайтадан енгізіліп отыр.