Қазақ мұнайын Еуропаға жеткізетін «Достық» құбырына тағы шабуыл жасалды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
"Достық" мұнай құбыры
Ресей мен Венгрия арасындағы «Достық» мұнай құбыры / фото: REUTERS/Bernadett Szabo

Қазақстан мұнайын Еуропа елдеріне жеткізіп жүрген «Достық» құбырына тағы шабуыл жасалды. Соған байланысты шикізат экспорттау уақытша тоқтады. Бұл туралы Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто Facebook-ке жазды.

Венгрия мен Словакия дабыл қақты

«Түн ішінде Ресей-Беларусь шекарасындағы Достық мұнай құбырына бірнеше рет шабуыл жасалды деген хабар жетті. Аз уақытта үшінші мәрте. Венгрияға шикі мұнай тасымалдау тағы тоқтады», – деп мәлімдеді СІМ басшысы.

Сийярто бұны елдің энергетикалық қауіпсіздігіне жасалған «тағы бір шабуыл» деп сипаттады.

2025 жылдың басында Венгрия СІМ басшысы Қазақстанға келіп, «Достық» арқылы мұнай тасымалдау мәселесін талқылаған.

РБК мәліметінше, бұған дейін саясаткер 18 тамызда украин шабуылы салдарынан «Достық» құбырымен мұнай жеткізу тоқтағанын айтқан. Сол кезде Украина СІМ басшысы Андрей Сибига шағымдарыңды «Мәскеудегі достарыңа жолдаңдар» деп жауап берген.

Словакия экономика министрі Дениса Сакова да «Достыққа» тағы бір шабуыл жасалғанын Facebook-те растады.

«Беларусь шекарасы маңындағы «Достық» құбырынана тағы бір шабуыл жасалды. Артық мұнай тасу тоқтайды. Біз залал көлемін есептеп жатырмыз», – деп жазды ол әлеуметтік желіге.

«Достық» мұнай құбыры арқылы Ресейдің ғана емес, Қазақстанның да шикі мұнайы Еуропаға жеткізіледі. Халықаралық құбыр бұған дейін де шабуылға ұшыраған.

«Достық» және Қазақстан мүддесі

Құбыр КСРО кезінде салынған. Оның оңтүстік тармағы Венгрия, Словакия және Чехия, солтүстік тармағы Польша мен Германияға тартылған. Құбыр Украина аумағы арқылы да өтеді.

Қазақстан да осы құбырдың тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғанына мүдделі. Себебі қазақ мұнайы Еуропаның кей еліне осы құбыр арқылы тасымалданады.

Reuters мәліметінше, Германия 2024 жылы «Достық» құбыры арқылы Қазақстаннан 1,5 млн тонна мұнай сатып алған.

Жыл басында қазақ мұнайы тасылатын Каспий құбыр желісі консорциумына (КҚК) жеті бірдей дрон шабуылдаған. Соның салдарынан Ресей аумағындағы бір мұнай айдау станциясы екі ай істен шығып қалған

Сондай-ақ оқыңыз