Porschist Magazine журналы еліміздің туристік әлеуетін насихаттайды

Еуропаның беделді Porschist Magazine журналы Қазақстан туралы арнайы шығарылым әзірлеп жатыр. Бұл басылымда еліміздің көркем табиғаты, сәулет нысандары мен мәдени мұрасы кеңінен таныстырылады.
Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының Халықаралық нарықтар департаментінің маманы Дінмұхамед Кенжебаев мәлімдеді.
Жобаның аясында түсірілім тобы Алматы, Астана, Түркістан қалалары мен Бурабай, Шарын шатқалы сияқты көрнекті туристік орындарды аралап шыққан. Арнайы шығарылым 2026 жылдың наурыз айында жарық көреді.
«Porschist Magazine журналы Бельгияда жарық көреді және Еуропа аумағында таратылады. Идея журнал редакциясынан түсті. Олар Қазақстанға келіп, арнайы шығарылым әзірлеу ниетін білдіріп, Бельгиядағы Қазақстан елшілігіне жүгінген. «Kazakh Tourism» бұл бастаманы қолдады. Жоба еліміздің халықаралық имиджін арттыруда маңызды рөл атқарады», — деді спикер.
Porschist Magazine – 2000 жылдан бері шығып келе жатқан беделді басылым. Франция, Нидерланд, Монако және Швейцария сияқты мемлекеттердің оқырманын қамтиды.