Сызғановтағы дау: пара дәмету, шу, жазбаны өшіруге үгіттеу

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Сызғановтағы дау: пара дәмету, шу, жазбаны өшіруге үгіттеу
Сызғановтағы дау: пара дәмету, шу, жазбаны өшіруге үгіттеу/Коллаж: KursivMedia

Актриса әрі тележүргізуші Айнұр Ілиясова анасынан А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының анестезиологы пара дәметкенін мәлімдеді.

Оқиғаның басы

Айнұр Ілиясова 18 тамыз күні анасын Алматыдағы Сызғанов орталығына жатқызған. 20 тамызда анасына ота жасалады. Сол күні орталық анестезиологы шұғыл байланыс үшін қалдырылған актрисаның нөміріне хабарласып, бәрі сәтті өткенін айтып, «рахмет» (алғыс ретінде берілетін белгілі бір сома көлеміндегі ақшаның бейресми атауы – ред) лақтырып жіберуін сұрайды. Актриса орталыққа анестезиологтың бұл әрекетіне шағым түсіріп, өзін ендігәрі мазаламауын өтінеді. Өйткені оның қылығын дәрігер эткасына жат, қызметтік өкілетін асыра пайдалану деп санайды. Алайда анестезиолог ертесі де жазып, қоңырау шалып ақша дәметуін қоймаған. Кейін ота жасалған анасына барып «өзіңіз де, қызыңыз да тынышталсын» деп сұрағандай болады. Осыдан кейін актриса болған жайтты әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялай бастайды.

Жазбаны өшіруді сұрау

Түсірілімде жүрген тележүргізуші арасында уақыт тауып, орталыққа барады. Барған соң орталық қызметкерлері өзімен сөйлесіп, шуды басуға тырысқан. Алайда ол сөйлесуден бас тартып, жазған ресми хаттарына ресми жауап беруді сұраған. Кейін ортаға таныс адамдар түсіп, желідегі жазбасын өшіруге үгіттей бастаған. Алайда тележүргізуші қолданушыларынан бұл кең таралған жағдай екенін біліп, жазбаны өшірмейтінін айтқан. Денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсірген.

Түбірі тереңдегі мәселе

«Мен ризашылығым ретінде «рахмет» бере аламын. Бірақ ол менің таңдауым әрі жағдайыма байланысты. Ал бұл – пара талап ету. Анестезиологтың ұятсыздығы енді шектен шығып кетті. Бұндай жағдайдан басшылық хабарсыз отыр дейсіз бе. Бұл – кешенді мәселе екенін, әрі халықтың басындағы мәселе екенін түсіндім. Сондықтан бұны өз мүмкіндігім шегінде барынша шешуге тырысамын», – дейді ол.

Тележүргізуші жемқорлық әркімнен басталатынын, үнсіз қалмай әр жағдайды айтып, жариялап отырудың маңызын атап өтіп, сонда ғана мәселені түбірімен шешуге болатынын айтады.

Орталық tengrinews.kz порталына аталған жайтқа қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатқанын хабарлаған.

KursivMedia Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі арқылы оқиғаға қатысты түсінік беруді сұраған. Материал шыққанға дейін министрліктен жауап келмеді.

Сондай-ақ оқыңыз