Тоқаев Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Сыртқы істер министрі Такеши Иваяны қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзит және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-жапон кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің қазіргі жағдайы мен болашақ даму бағыттарын талқылаған.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев Жапониядан келген қонаққа өз ілтипатын білдіріп, бұл сапардың екі ел арасындағы қарым-қатынасты арттыруға тың серпін беретінін айтқан. Сонымен бірге Жапния премьер-министрі Шигеру Ишибаны Қазақстанда күтетінін жеткізген.
«Жапония – Азиядағы сенімді әрі жақын серіктесіміз. Біз Токиомен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береміз. Премьер-министр Ишибаға ыстық ықыласымды жеткізуді сұраймын. Премьер-министр Шигеру Ишиба Қазақстанға ресми сапармен келмекші. Біз оның сапарын асыға күтіп, дайындалудамыз. Өзара қарым-қатынасымыз жоғары қарқынмен дамып келе жатыр деп сеніммен айтуға болады», – деді Президент.
Такеши Ивая президдентке қонақжайлық танытқаны үшін алғысын жеткізген.
«Сіздің сәлеміңізді Премьер-министрімізге міндетті түрде жеткіземіз. Қазақстан мен Жапония – халықаралық тәртіпті күшейтуге мүдделі стратегиялық серіктестер. Менің бұл сапарым екі ел арасындағы байланысты одан әрі дамытуға жол ашады деп ойлаймын», – деп мәлімдеді министр.