Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты

Өткен жылы елімізде өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
Министрдің айтуынша, өткен жылы елімізде өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жеткен. Бұл – әлемдік орташа деңгейден жоғары көрсеткіш. Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы өлім-жітім 3 пайызға төмендеді. Былтыр алғаш рет ана мен бала өлімі ең аз көлемде тіркелді.
Одан бөлек кездесуде дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету және оның айналымын бақылауды күшейту шаралары талқыланды. Ресми дерекке сүйенсек, 2024 жылмен салыстырғанда дәрігерлер тапшылығы республикада – 19 пайызға, ауылдарда – 16 пайызға және орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 7 пайызға азайды.
Ведомство басшысы медицина қызметкерлерін қорғау шаралары жөнінде де ақпарат берілді. Бұл орайда заңнаманы қатаңдатуға, дәрігерлерге шабуыл жасалған жағдайда жедел көмек көрсетуге ден қойылады. Министрліктің мәліметінше, келесі жылдан бастап әлеуметтік осал топтағы 1 миллион адам медициналық сақтандырумен қамтылады.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлерін қорғауға арналған заң жайлы түсіндірген еді. Министрдің сөзінше, аталған мақсатта қылмыстық кодекске бас бостандығын шектеуден айыруға дейінгі шараларды қамтитын жаңа 158-1 бап енгізу туралы бастама көтерілген.