Илон Маск Apple мен OpenAI-ды бәсекелестік заңын бұзды деп айыптады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Илон Масктың xAI және X компаниялары Apple мен OpenAI-ға қарсы сотқа арыз түсірді. Оларды өзара сөз байласып, бәсекелестік заңын бұзды деп айыптап отыр.

Grok чат-ботын әзірлеуші xAI Техас Солтүстік округінің сотына арыз жіберген. Маск iPhone-нің операциялық жүйесіне OpenAI әзірлеген ChatGPT қосымшасын енгізуі еркін бәсекелестікті әлсіретіп, тұтынушыларды таңдау құқығынан айырады деп есептейді.

Арызда Apple-дің App Store-дағы қосымшасының және ChatGPT-мен бәсекелес басқа да чат-боттардың рейтингісіне манипуляция жасады деп те жазылған.

Бұған дейін Маск Apple ChatGPT-ден басқа кез келген жасанды интеллект қосымшасын өз рейтингінде бірінші орынға шығуға мүмкін еместей етті деп айыптаған еді.

«Apple өз әрекетімен OpenAI-ден басқа жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін бірде-бір компанияның App Store-да бірінші орынға шығуына жол бермей отыр, бұл сөзсіз антимонополиялық заңнаманы бұзу деп саналады. xAI дереу заңды шаралар қабылдайды», – деп жазған ол Х желісіне.

Илон Маскқа тиесілі xAI компаниясы 2023 жылы Grok атты чат-ботты әзірлеген. Осы жылы шілдеде жетілдірілген жаңа нұсқасын таныстырды. Ол ChatGPT және қытайлық DeepSeek-ке бәсекелес болу үшін жасалған.

Одан бөлек балаларға да арнап жасанды интеллект шығаруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз