Үкімет 3 жылдық бюджет жоспарын мақұлдады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Үкімет 3 жылдық бюджет жоспарын мақұлдады
Үкімет 3 жылдық бюджет жоспарын мақұлдады / Фото: Үкімет

Үкімет отырысында Қазақстанның 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бойынша әзірлерленген болжамды бюджет жоспары мақұлданды.

Министрлер кабинет аталмыш құжатқа дауыс беріп, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері әзірлеген 3 жылдық бюджет жоспарын бірауыздан қолдады.

Премьер-министр Олжас Бектенов бюджеттің теңдестірілгенін және презиеденттің барлық стратегиялық бастамаларын ескере отырып әзірленгенін айтты. Сонымен бірге бұл құжатқа сәйкес, экономиканың өсуін ынталандыруға бағытталған шығыстар да ұлғайтылатынын ескертіп өтті.

«Мұндай шығыстар осы жылмен салыстырғанда келесі жылы жалпы шығыстар құрамында шамамен 11%-дан 16%-ға дейінөсіп отыр. Бұл өз кезегінде жалпы ел үшін маңызы бар инфрақұрылымдық жобалар, бизнесті ынталандыру мен мемлекеттік қолдау шараларынан тұрады. Осы шығыстар өңірлердің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді», – деді Бектенов.

Премьер-министр республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру барысында жаңа Бюджет және Салық кодекстері ескерілгенін атап өтті.

Бұл бюджеттік жоспар енді парламент қарауына ұсынылады.

Айта кетейік, бұл жоспарға сәйкес, 2026-2028 жылдар аралығында Қазақстан экокномикасы жақсы өсім көрсетіп, ЖІӨ көлемің 183,8 трлн теңгеден үш жылда 229,8 трлн теңгеге дейін артады. Сонымен бірге үкімет 2026 жылы инфляцияның 10%-дан аспайтынын болжап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз