Қазақстандықтар ЕТЖ мөлшерін 200 мың теңгеге дейін көтеру туралы петиция жариялады

Қазақстандықтар ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 200 мың теңгеге дейін өсіруді талап етіп, петиция жариялады.
Петиция авторлары қазіргі уақытта ең төменгі жалақыны екі есе көбейту қажет деп санайды. Белсенділер бүгінгі ең төменгі жалақы отбасыны асырауға мүлдем жетпейтінін, ал табыстың өсуі инфляция салдарынан іс жүзінде сезілмейтінін айтады.
Айта кетейік қазіргі уақытта Қазақстанда ЕТЖ мөлшері 85 мың теңге (шамамен 160 АҚШ доллары).
Авторлар салыстырмалы түрде Түрікменстандағы ең төменгі жалақыны мысалға алған, онда шамамен 200мың теңге, ал Балтық елдерінде (Эстония, Латвия, Литва) – 500-600 мың теңге аралығында. Эквадорда бұл көрсеткіш – 470 АҚШ доллары (шамамен 270 000 теңге).
«Қазақстандағы ең төменгі жалақы деңгейі Түрікменстанмен салыстырғанда екі жарым есе, ал Литвамен салыстырғанда сегіз есе төмен. Іс жүзінде 85 мың теңге бір отбасын асырауға, азық-түлік пен негізгі қажеттіліктерді өтеуге жеткіліксіз, әсіресе Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда», – деп атап өтті петиция авторлары.
Олар қазақстандықтарды бұл бастаманы қолдап, петицияға қол қоюға үндеп отыр. Қазірдің өзінде петицияға 3,5 мың адам дауыс беріп үлгерген.
«Біз, ҚР азаматтары, ең төменгі жалақыны кемінде 200 мың теңгеге дейін көтеруді талап етеміз. Бұл Түрікменстан деңгейіне сай келіп, бізді лайықты өмір сүрудің халықаралық стандарттарына жақындата түседі», – делінген петицияда.
Айта кетейік, 2025 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтардың орташа номиналды жалақысы былтырмен салыстырғанда 11,3%-ға өсіп, 448,6 мың теңгені құрады. Алайда инфляцияны ескергенде нақты өсім байқалмай отыр.
Еске салсақ бұған дейін Ұлттық экономика және премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин осыған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) көтеруге қатысты айтылған жоспарға пікір білдірген болатын. Жұманғарин ЕТЖ мөлшерін көтеру әзірге жоспарда жоқ екенін мәлім етті. Ол мәселе әзір қаралмайтынын да ашып айтқан болатын.