Алматының Жетісу және Медеу аудандарындағы 150 нысан сүріледі

Алматы әкімі 150 жер учаскесін мәжбүрлеп сатып алу туралы қаулыға қол қойды. Сүру жұмыстары Жетісу және Медеу аудандарында жүргізіледі.
Бұл Райымбек даңғылын кеңейту мақсатында жасалып отырған шара. Жетісу көшесінен бастап Шығыс айналма жолына дейінгі аралықта орналасқан нысандар сүрілетін болады.
Әкімдік барлық меншік иелеріне ақшалай өтемақы төленіп, олардың мүлкі нарықтық құны бойынша бағаланады деп сендіріп отыр.
Мәжбүрлеп иеліктен шығарудың соңғы күні 2028 жылдың 31 желтоқсаны. Осы уақытқа дейін әкімдік барлық меншік иелерімен өтемақы сомасы жөнінде келісуі тиіс.
Айта кетейік Алматыда мемлекет мүддесі үшін жер учаскелерін сатып алумен «Қала Жер орталығы» басқармасы айналысады.
Еске салайық 2024 жылдың қараша айының соңынан бастап Алматыда ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында 2030 жылға дейін 1930–1980 жылдары салынған 700-ге жуық үй сүріледі.