Инвестициялық құны 35 млрд теңге: Түркістан облысында крахмал зауыты ашылады

Түркістан облысында инвестициялық құны 35 млрд теңгені құрайтын жүгері крахмал зауыты ашылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Зауытта жылына 150 мың тонна жүгері терең өңдеуден өтіп, крахмал-сірне шығарып отырады. Кешен «Қазкрахмал» ЖШС негізінде кеңейтілмек.
Қазіргі таңда зауыттың шикізат қабылдап, кептіру және сақтау кешендері іске қосылған. Ал қалған кешендері ашылған соң, шикізат қалдықсыз өңделе бастайды.
Зауытта 20-дан астам өнім түрлері шығарылатын болады. Олар мыналар:
- крахмал;
- сірне;
- тағамдық глюкоза;
- мальтоза сиропы;
- жүгері майы;
- глютен;
- кебек;
- түйіршіктелген құрамажем және т.б.
Зауытқа тек таза табиғи шикізат жеткізіліп отырады. Министрлік хабарлауынша, генетикалық түрлендірілген өнім түрлері қолданылмайды.
«Жалпы инвестициялар көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықта да, сондай-ақ Азия мен Еуропа елдерінде де сұранысқа ие болады. Жобаны іске асыру Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтереді», – делінген АШМ хабарламасында.
Айта кетсек, Қытайдың Fufeng Group компаниясы Жамбыл облысында жүгері өңдейтін зауыт салады. Бұл зауыттың 2026 жылы толық іске қосылатыны айтылған болатын.