Қожағапанов ісі: 5 жылға сотталған кәсіпкер үкімнің күшін жоюды сұрап отыр

Астанадағы апелляциялық сотта 5 жылға сотталған кәсіпкер Ләззат Көккөзованың хаты оқылды. Ол бұрынғы мәдениет және спорт вице-министр Ерлан Қожағапановқа қатысты қылмыстық іс негізінде сотталған.
Сотқа Көккөзованың сіңілісі Перизат Бектұрғанова қатысып жатыр.
Сотталған кәсіпкер өзінің үш айдан бері тергеу изоляторында отырғанын, бірақ оған нақты не себеп болғанын әлі білмейтінін айтқан.
«Айыптау тарабының пікірінше, ешкім ешқашан пайда көрмеуі керек. Егер кәсіпкердің 100 000 000 теңгеге келісімшарты болса, айыптаушылардың пайымдауынша сол 100 000 000 теңгенің бәрі тек шығын ретінде жұмсалуға тиіс», – делінген Көккөзованың хатында.
Ол форумды ұйымдастыруға өзі басқаратын «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігімен қатар басқа да екі компания қызығушылық танытқанын тек сотта білгенін айтқан.
«Үкімет олардың коммерциялық ұсыныстарын қабылдамады, себебі олар президент әкімшілігінің, үкіметтің, премьер-министрдің, сондай-ақ бұрынғы президенттің талаптарына сай келмеді. Тапсырыс берушілерге технологиялық, интерактивті, ауқымды іс-шарасы қажет болды, сондықтан олар соңында біздің коммерциялық ұсынысымызға бірауыздан тоқталды. Алайда тергеу пікірінше, бұл да бір заңбұзушылық болып саналады», – деген Көккөзова.
Сотталған кәсіпкер сот алқасынан өзіне қатысты үкімнің күшін жоюды сұрады.
Істің мән-жайы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ерлан Қожағапанов «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған.
Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.
2025 жылдың мамырында Ерлан Қожағапанов 3 жылға бас бостандығынан айырылды.