
Home Credit Bank алдағы сатылымға дайындық ретінде акционерлер құрылымында өзгерістер жасады. Бұған Telegram-арнасы Finmentor.kz авторы Арман Батаев назар аударды.
Бұған дейін Home Credit Bank акциялары PPF халықаралық тобының жеті қызметкерінің арасында бөлінген еді. Енді сол бағалы қағаздардың барлығы бір адамның Иржи Шмейцтің қолына шоғырланды. Экономистің айтуынша, бұл – Home Credit Bank-ті ForteBank-ке сату бойынша келісімнің алғашқы кезеңі.
Осыған дейін Шмейц банктің 34,7% акциясына иелік еткен, ал акцияларды біріктіргеннен кейін оның үлесі 90,1%-ға жетті. Яғни, PPF-тің алты қызметкері бизнесменнің пайдасына 55,4% акцияларын сатты. Ал PPF-тің өзі иелік етіп отырған 9,9% үлесі өзгеріссіз қалды.
PPF тобының иесі – Чехиядағы ең бай әйел, марқұм кәсіпкер Петр Келлнердің жесірі Рената Келлнерова. Оның дәулеті 19 млрд доллар деп бағаланады және ол Forbes журналының әлемдік байлар тізімінде 104-орында тұр. 2021 жылы Петр Келлнер Аляскада тікұшақ апатынан қаза тапқан еді.
Осы жылы 27 маусымда «ForteBank» АҚ ресми түрде Home Credit Bank-ты сатып алғанын жариялады. Екі қаржы ұйымын біріктіру шамамен бір жылға созылады.