Маңғыстауда бес полицей билігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды

Маңғыстау облысында полицияның бес қызметкері «қызмет өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін» сотталды. Олардың үшеуі бес жылға бас бостандығынан айрылса, екеуі 2,5 жыл шартты жаза алды. Бұл туралы Kursiv.Media ақтаулық Lada.kz басылымының мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Маңғыстауда полицияның бес қызметкеріне сот үкімі шыққаны туралы сюжет жергілікті Lada басылымының Youtube-арнасында жарияланды.
Басылым мәліметінше, сотқа дейін жеткен шулы оқиға 2024 жылғы 22 наурызда басталған. Сол күні полиция қызметкерлері бір ер азаматты «ұрлық жасады» деген күдікпен ұстаған. Өңірдегі өндіріс базаларының біріне орнатылған камера күдіктінің көлігін видеоға түсіріп алған.
Тінту барысында көліктен ұрланған генераторлар табылған. Алайда күдікті тағылған айыпты мойындамаған. Ол техниканы алуға бір танысы рұқсат бергенін айтқан. Содан кейін ол құқық қорғау органдары қызметкерлерін «азаптады» деп айыптаған.
Сюжетте полиция учаскесіне орнатылған камерадан түсірілген видео көрсетілді. Онда полицияның бірнеше қызметкерінің күдіктіні басқа бір бөлмеге кіргізіп жатқанын байқауға болады. Басылым сюжетке сотталушының бірінің әйелінің сұхбатын қосты. Азаматтық қорғаушы Екатерина Новоселова тағылған айыптармен келіспейтінін айтты.
Басылым мәліметінше, әуелі бұл істі алқа билер соты қараған. Олар күдіктілердің бәрін ақтап шыққан. Бірақ кейін прокуратура үкімге шағымданып, алқа билер шығарған шешімнің күші жойылған. Ал іс қайта қарауға жіберілген. Бірақ бұл жолы оны алқа билердің қатысуынсыз қараған. Бұл жолы сот полицияның бес өкілін «қызмет өкілеттілігін асыра пайдаланды» деп танып, жаза белгілеген.
Lada жәбірленушінің, сотталушылардың аты-жөнін атамады. Үкімнің нақты қай күні шыққаны да белгісіз. Басылым мәліметінше, сотталған полиция қызметкерлерінің отбасылары президентке хат жазып, істің қайта қаралуын сұрамақ.