Мемлекеттік қызметкерлерді Aitu-ды пайдалануға міндеттейді

Мемлекеттік қызметкерлерді ұлттық әлеуметтік желілерді пайдалануға міндеттеуі мүмкін. Бұл құжаттар жібергенде қауіпсіздік үшін қажет деп есептейді цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Министрдің сөзінше, шетелдік мессенджерлерге толығымен тыйым салу деген мәселе жоқ.
«Бүгінде мемлекеттік қызметшілер шамадан тыс пайдаланатын бірқатар платформалар мен мессенджерлер бар. Біз барлық мессенджерді тыйып тастау керек деп отырған жоқпыз. Айтпағымыз – мемлекеттік қызмет аясында қолданылатын қызметтік ақпарат туралы. Біз мемлекеттік қызметші құжаттарды, қызметтік ақпаратты жібергенде немесе қызметтік мәселелерді талқылағанда оны қызметтік мақсатта ұлттық мессенджер арқылы пайдалансын дегенге келеміз», – деді ол журналистердің сұрағына.
Бұған дейін цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметкерлерге WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынбайды деп мәлімдеген еді.
Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап Aitu, eGov, eOtinish-ті сияқты мемлекеттік тарифтерді интернетсіз пайдалануға болады.