Тоқаев Иордания королімен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнмен шағын құрамда келіссөз жүргізген. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Келіссөз барысы
Кездесу барысында президент Астана шақыруын қабыл алғаны үшін Иордания короліне алғысын жеткізіп, бұл сапардың екі елдің өзара ынтымақтастықты дамытуына жол ашатынын айтқан.
«Бұл Сіздің елімізге алғашқы келуіңіз емес. Қазақстанның қазіргі өркендеу жолына жіті көңіл бөліп отырасыз. Екіжақты күн тәртібінде жүзеге асырылуға тиіс бірқатар мәселе бар. Кеше екі ел арасындағы қарым-қатынастарға, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты мазмұнды әңгіме өрбіттік. Сіздің жаһандағы жағдайды жетік түсінетініңізге өте ризамын. Бүгін де пікір алмасуды жалғастыруға мүмкіндігіміз мол. Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді. Дегенмен тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес», – деді Тоқаев.
Екі ел достығы
Сөз кезегін алған ІІ Абдалла да Қазақстанның қонақжайлылық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасында қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталған.
«Бұл сапар Сіздің осыдан бірнеше ай бұрын менің еліме жасаған табысты сапарыңыздың жалғасы іспетті. Қазақстан маған өте жақын. Мұнда келген сайын Сіздің басшылығыңызбен еліңіз жүйелі түрде өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, таңғаламын. Өзіңіз атап өткендей, кеше екі ел арасындағы ынтымақтастықты түрлі салада дамыту бойынша пікір алмастық. Менің бүгінгі сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достыққа құрылған тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін», – деді Иордания Королі.
Сауда айналымы 500 млн долларға жеткізіледі
Артынша кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген мемлекет басшылары екі ел арасындағы сауда айналымын 500 млн долларға жеткізу мәселесін талқылаған. Қазақстан тарапы Иорданияға 250 млн долларды құрайтын 60 түрлі өнім түрін экспорттауға дайын екенін жеткізген. Ал Иордания тарапы медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытында өз тәжірибесімен алмасу ниетін білдірді.
Амман мен Алматы арасындағы тікелей рейс
Жиын барысында Иорданиялық Royal Jordanian әуе компаниясының 2026 жылдан бастап Амман мен Алматы арасында тікелей рейс ашып, жолаушы тасымалдайтыны да айтылған.
Сонымен бірге тараптар ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру, мәдени-гуманитарлық салаларда берік ынтымақтастық орнатуға келіскен.
Еске сала кетсек, бұдан бөлек Қазақстан Иорданиядағы уран кен орнында игеру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.