Берденов тағы қанша ай қызметін сақтай алады

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің еңбекке жарамсыздық парағы 6 айға дейін сақталады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек хабарлады.
«Руслан Берденовтің жұмыстан кетуі туралы бұйрық әлі шыққан жоқ. Ресми түрде ол кісі еңбекке жарамсыз парағын аштырған. Емделіп жатыр. Әлі күнге әкімдіктің құрамында. Денсаулығымен айналысамын деп шешкен болса керек. Ресми түрде бұйрық шықпайынша біз ол кісіні қала әкімінің орынбасары деп есептейміз», – деді Сәрсен Құранбек.
Сәрсен Құранбектің сөзінше, кез-келген облыс, Алматы, Астана, Шымкент қаласында әкімінің бес орынбасары бар. Бұл заңмен бекітілген. Қазір Шымкентте қала әкімінің үш орынбасары жұмыс істеп жатыр. Қалған екі орынның бірінде – Берденов, екіншісі бос тұр.
«Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Республикасының заңнамасы бар. Еңбекке жарамсыз қағазы болған жағдайда 3 айға дейін рұқсат беріледі. 3 айдан кейін дәрігерлердің шешімі бойынша тағы да 3 айға дейін рұқсат беріледі. 6 айдан артық еңбекке жарамсыз парағында болатын болса ғана тиісті шаралар қабылдануы мүмкін», – деді қала әкімінің орынбасары.
Осыған дейін Kursiv.Media ресми сауалына жауап берген қала әкімдігі Берденовтің әлі өз қызметінде екенін айтқан.