Жаңа оқу жылында мұғалімдердің жалақысы арта ма, оларға қандай үстеме ақы көзделген

Оқу-ағарту министрлігі KursivMedia-ның педагогтерге қандай қаржылық игіліктер көзделгені, алдағы уақытта жалақының арту ықтималдығы туралы сұрақтарына жауап берді.
Министрлік дерегінше, 2024-2025 оқу жылында ел мектептерінде 406 мың педагог жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 8 мыңға артқан.
Министрлік 2020 жылдан бастап педагогтердің жалақысы екі есеге артқанын баса айтады. Ал 2023 жылы мектепке дейінгі тәрбиешілер мен техникалық және кәсіптік білім беру педагогтеріне қосымша үстемеақылар, сондай-ақ біліктілік санаттары, еңбек өтілі, еңбек жағдайлары, академиялық дәрежесінің болуы және тәлімгерлік үшін қосымша ақылар енгізілген.
Бұл қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төлеуге мүмкіндік берген.
«Ауылдық жерлерде мұғалімдердің жалақысы қаладағы жалақыдан кем дегенде 25%-ға жоғары», – деп атап өтеді министрлік.
Біліктілік санаты бар педагогтерге берілетін үстемақы:
- педагог-шебер – 50%;
- педагог-зерттеуші – 40%;
- педагог-сарапшы – 35%;
- педагог-модератор – 30%.
«Сонымен қатар, білім беру саласындағы жетістіктері, олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны және мемлекеттік наградалар алғаны үшін педагогтерді ынталандыру тәжірибесі бар. 2024 жылы 89 педагог мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған, оның мөлшері 3,6 млн теңгені (1000 АЕК) құраған», – дейді министрліктегілер.
Марапатталғандардың қатарында Еңбек ерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары, «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары бар.
Соңғы бес жылда педагогтердің мәртебесін арттыру және олардың қаржылық әл-ауқатын жақсарту бағытында елеулі қадамдар жасалғанын атап өткен министрлік алдағы уақытта педагогтердің жалақысын көтеруге қатысты ештеңе айтпады.
Бұған дейін, министрлік мұғалімнің құқығын бұзып, тіл тигізгендер 786 мың теңгеге дейін айыппұл төлейтінін хабарлаған. Сондай-ақ биылғы жаңа оқу жылында 30 мыңнан астам педагог біліктілік курсынан өтетіні белгілі болған.