Түркістанда фельдшерді соққыға жыққан адамдың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Түркістан жедел жәрдем станциясының фельдшері 26 жасар Құдырет Мүтәліпов соққыға жыққан адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Департамент мәліметінше, Түркістан қаласында қызмет көрсету кезінде медицина қызметкеріне жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілген.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, жүкті науқасты тексеру кезінде оның жұбайы фельдшерді ұрып, денесіне зақым келтірген. Медицина қызметкері екінші тараппен татуласуына байланысты өтініш жазу мен кез-келген талаптан бас тартқан. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданатын болады», – делінген полиция хабарламасында.
26 тамыз күні жүкті әйелге көмек беруге барған Түркістан қаласында жедел жәрдем станциясының фельдшері Құдырет Мүтәліповті науқастың күйеуі ұрып-соққан. Нәтижесінде «бас ми жарақатын алып, ауруханаға түскен. Мүтәліповтің өзі оқиға туралы журналистерге қандай да бір пікір беруден бас тартқан.