Санжар Боқаев: Алматыда мінсіз брусчаткаларды ауыстырып, сатып жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Санжар Боқаев: Алматыда мінсіз брусчаткаларды ауыстырып, сатып жатыр
Санжар Боқаев: Алматыда мінсіз брусчаткаларды ауыстырып, сатып жатыр/Фото: Видео кадры

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы Уәлиханов-Жамбыл көшелерінің қиылысынан алынған брусчаткалар жеке адамдарға сатылып жатқанын мәлімдеді.

Белсенді Уәлиханов көшесіндегі ескі өрнектастарды тиеген көліктің ізіне түсіп, оның артынан Алматы облысы Қарасай ауданы Жандосов ауылында тұратын жеке адамның үйіне дейін еріп барады. Жаңа әкелген тастарды түсіргелі жатқанда бөгет жасап, әрекет заңсыз екенін айтады. Видеодан ол жердегілер өрнектастарды сатып алғанын айтқаны көрінеді.

Видеодан өрнектастарды тиеген тағы бір көлік қала сыртына барып тұрып, әкімшіліктің базасына оралғанын көруге болады. Белсенді мұны «шамасы әкімдіктегілер менің ізіне түскенімді айтып қойса керек» деп топшылайды.

Санжар Боқаев ауыстырылған брусчаткалар мінсіз жағдайда болғанын, әлі де көп жыл қызмет ететінін, оларды ауыстыру бюджет қаржысын жымқыру схемасы екенін айтады.

«Көшенің осы бөлігіне жарты миллиард бөлген. Бюджетте онсыз да тапшылық, әр жыл сайын 5 трлн теңге жетпейді. Азиялық, Еуропалық банктен несие алып жатырмыз. Қарыз алып отырып, осылай брюсчаткаларды ауыстырамыз», – деп таң болады белсенді.

Белсенді оқиға орнына полиция шақырып, жағдайды жымқыру фактісі ретінде тіркеуді сұрайды. Сөзінше, оның артында әкімшілік пен мердігер тұр.

Әкімдік не дейді

Белсендінің видеосына пікір білдірген Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин Уәлиханов бульварындағы брусчатка ауыстырылып жатқанын растады. Сөзінше, ондағы брусчатка соңғы рет 2004 жылы ауыстырылған.

«2014 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді, бірақ төсеуіш жаңартылған жоқ – тек қоршаулар мен суару жүйесінің бір бөлігі орнатылды. Осылайша, қазіргі төсеуіш 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып, толық ауыстыруды қажет етті. 2024 жылы жүргізіліп жатқан жөндеу барысында бұрынғы үлгідегі қырлы және ойықты тас төсеуіштің дәл сондай түрін табу мүмкін болмады. Бұл материал өндірістен шығарылып, техникалық тұрғыдан ескірген. Сонымен қатар, бірқатар жерде төсеуіштің тозуы мен ақаулары анықталды. Сол себепті мердігер ұйым оны толық ауыстыруда», – деп түсіндіреді әкім.

Оның сөзінше, белсенді атаған сома тек брусчатканы ауыстыруға жұмсалмайды.

«500 млн теңге тек Уәлиханов бульварына ғана емес, басқа нысандарға да жұмсалады. Оның ішінде Шевченкодан Қазыбек биге дейінгі аралықтағы жұмыстарға – 296 млн теңге, ал Қарасай батыр бульварында (Достық пен Назарбаев көшелерінің арасындағы бөлік) атқарылып жатқан жұмыстарға – 204 млн теңге бөлінді», – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік өрнектастардың жеке адамдарға кеткеніне қатысты мердігер ұйымның өтініші мен тапсырыс беруші арасындағы келісім негізінде шамамен 90 шаршы метр төсеуіш мұқтаж отбасына берілгенін айтады. Қалған материал мердігер ұйымның қоймасында сақтаулы екенін жеткізген.

Бұған дейін, Талдықорғанда тұрғын үй құрылысын жүргізген компания бюджет қаражатын жымқырғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз