Өзбекстан билігі имамдардың әйелдеріне хиджабтарын шешуге бұйрық берді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Өзбекстан билігі имамдардың әйелдеріне орамалды арабтың емес, өзбек дәстүріне сай тағуға пәрмен берген / фото: shutterstock
Өзбекстан билігі имамдардың әйелдеріне орамалды арабтың емес, өзбек дәстүріне сай тағуға пәрмен берген / фото: shutterstock

Өзбекстан билігі, атап айтқанда, Наманган қаласының әкімдігі имамдардың әйелдеріне хиджабтарын шешуді бұйырған.

«Озодлик» радиосының хабарлауынша, жергілікті әкімдік әйелдерді арнайы жиналысқа шақырған. Қойылған талап – орамалды басқаша тағу.

Орамалды қалай тағу керек?

Өзбек билігі талабынша, орамалды араб үлгісіндей мойынға орауға болмайды. Жергілікті дәстүр бойынша артынан түйіндеп тағу қажет. Ал бұл талапты орындамағандардың күйеулері мешіттен шеттетілмек. Бұл талаптар Өзбекстан билігінің нұсқауы бойынша белгіленген.

Имамдардың, имам-хатибтердің және мутаваллилардың әйелдерін жинау міндеті Өзбекстан мұсылмандары басқармасының Наманган облыстық бөлімінің басшысы Мусахон Аббосидиновқа жүктелген. Бұл жөнінде осы кездесуге қатысушылардың бірі айтып берген.

Аудиожазбада не айтылған?

Басылымның жазуына қарағанда, журналистердің қолына екі сағаттан астам уақытқа созылған жиналыстың аудиожазбасы түскен. Онда облыстық әкімдіктің қоғамдық және діни ұйымдармен байланыс бөлімінің жетекшісінің көмекшісі Сайера Исакова сөз сөйлейді.

Ол Өзбекстан билігі тұлғаны тануға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салғанын түсіндірген. Бұл норма 2023 жылы заңға енгізілген. Оны бұзғандарға айыппұл қарастырылған.

Бір имамның әйелі сотқа тартылған

«Енді заң бар. Бір имамның әйелі сотқа тартылды. Бұрын ол бұрқа киіп жүрген. Қазір әйелдер оның тыйым салынғанын түсініп, жай ғана басына орамал таға бастады. Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінде 184-баптың 4-бөлігі бар. Егер бетперде киіп алғаныңыз немесе орамал таққаныңыз үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері ұстаса, мен көмектесе алмаймын. Егер бір имамның әйелін ұстаса, оның күйеуін де ешкім аямайды», — деп ескерту жасаған Сайера Исакова.

«Хиджап тағу міндет емес»

Әкімдіктің өкілі «Құранда хиджаб тағу міндеттелмегенін» айтқан. Осылайша, Өзбекстан билігі хиджабқа қатысты өз ұстанымын қатаң білдіріп отыр.

Куәгерлердің айтуынша, кездесуден шыққан соң кейбір әйелдер орамалдарын басқаша тартып алған.  

 Қазақстанда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев  мектептерде хиджаб киюге тыйым салу мәселесі әлі өзекті екенін айтқан еді.  

Сондай-ақ оқыңыз