
Freedom Bank қытайлық UnionPay Business-пен серіктес болуға келісті. Құжатқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжіңге сапары аясында екі тараптың Іскерлік кеңесінің кезекті отырысында қол қойылды.
Freedom Bank пен UnionPay Business Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық электронды коммерцияны көтерме сауда саласында дамытуға, сондай-ақ екі ел арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын нығайтуға ниетті.
Ынтымақтастық туралы меморандум үшжақты сипатқа ие: Freedom Bank, UnionPay Business және жеке Verum Payments Limited компаниясы арасында. Құжатқа Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов, UnionPay Business Payment Co., ltd Hebei Branch бас директоры Го Гуансин және Verum Payments Limited ЖШС бас директоры Ринат Берікболов қол қойды.
Тараптар электронды коммерция мен цифрлық экономика саласында Қазақстан–Қытай трансшекаралық есеп айырысу жүйесін Freedom Bank арқылы құруға уағдаласты. Бұл үдеріс «Синьхуа» ақпарат агенттігінің алдыңғы қатарлы салаларға арналған аналитикалық орталығының қолдауымен және CITIC POLY FUND-тың еншілес компаниясы Polyking New Horizons Technology Industry Co., Ltd қаржылық қолдауымен жүзеге аспақ.
Сонымен қатар тараптар Қытай мен Қазақстан арасындағы көтерме сауда саласында трансшекаралық электронды коммерцияны және төлем операцияларын белсенді дамытуға, сондай-ақ экономикалық және сауда байланыстарын нығайтуға ниетті.
«Қол қойылған құжаттың негізгі тармақтарының бірі инфрақұрылымды дамыту және ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірлескен іс-қимылдар жөніндегі келісім болды. Біз UnionPay Business-ке есеп айырысу жүйесін әзірлеу және енгізу, сондай-ақ оның Орталық Азия нарығындағы қатысуын күшейтуге қолдау көрсетеміз. Өз кезегінде, UnionPay Business Freedom Bank-ке төлем арналарының ашылуына, техникалық қызмет көрсетуде және Қытай банктерінде юань мен АҚШ долларындағы корреспонденттік шоттарды жүргізуде қолдау көрсететін болады. Бұл – Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестікті нығайтуға және трансшекаралық есеп айырысуларды дамытуға бағытталған маңызды әрі қажетті қадам», -деді Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.
Еске салайық, бұған дейін Freedom Bank пен UnionPay International UnionPay төлем карталарын эквайрингтік қызметке қосуды іске қосқан. Енді UnionPay карталарымен Freedom Pay сервисіне қосылған POS-терминалдарда және интернет-дүкендерде тауарлар мен қызметтерді төлеуге болады. Қызмет Қазақстанда да, шетелде де шығарылған барлық UnionPay карталары үшін қолжетімді.